Қазақстандық ғалымдардың еңбек нарығына жасаған болжамы бойынша, алдағы елу жылда жиырмаға жуық мамандық түбегейлі жойылады. Бәрін компьютер есептеп, керегі болмай бара жатқан мықты мамандықтардың майталманы күндердің күнінде қарапайым жұмысшы болып қаламын деп ешқашан ойламайды. Ендеше ешкім сақтандырылмаған, өмірдің сынынан өз орнын тапқан мамандық иесі – тазалықшы десем қателеспеспін.
Тазалықтың өмірде алар орны ерекше. Күнделікті асымыздың таза болуы, бойымыздың тазалығы, тұрғылықты жеріміздің тазалығы, киім, қоршаған ортамызды таза сақтауымыз, тұтынған дүниеміз бен ниеттің тазалығы, жүректің ақтығы, тапқан табыстың адалдығы – бәрі де салауатты өмір мен баянды тіршіліктің негізін құрайды.
Негізінен алып қарағанда, өмір, күнделікті тіршілікте адамдар барлық нәрсені үйренуге талпынады. Соның ішінде адамзатты жетілдіретін, алға жетелейтін еңбек ету салтының орны бөлек. Осы орайда жақсы, жағынан өз замандастарына үлгі – өнеге болып жүрген жандар ғана жұмысының жемісін көре алатыны ақиқат.
Сыпайы мінезімен, тынымсыз әрі тиянақты еңбегімен өз ортасына танылған Есембаева Халима Ержанқызы.
Жұрт тәтті ұйқы құшағында жатқанда, жол сыпырып, қоқыс тазалап, қоршаған ортаны, табиғат ананы – тазалап, сауапты жұмыс жасап жүрген еңбек адамы жайында әсте сөз қозғау қиын емес.
Өздеріне бөлініп берілген аймақтың тазалығына мұқият қарайтын Халима көше бойын, арық ішін қалдықтардан арылтып, қапқа жинайды. Қақаған қыста мұз ойып, адамдардың қауіпсіздігін қорғаштап жүретін мұндай еңбек адамдарының жұмысын, «Оның несі қиын? Мусорды теріп қапқа салғанның не ауырлығы бар?» деп таяз ойлайтын жандар да табыла кетері анық тұрғындар арасынан. Әрине қате пікір. Жұмыстың жеңілі болмаса анық. Әйтсе де, тазалықшыларға артылар жауапкершіліктің жүгі тіптен ауыр.
Жұмыс барысында жүрген «Тазалық сақшысы» Халимадан сауалыма жауап алып үлгердім. Себебі, қызу тірлік кезінде сағаттап әңгіме айтып отыруға уақыт тапшыү
— «Таңғы 8 — ден 12 ‑ге дейін, 14:00 – ден 16:00 – ге дейін жұмыс. Тазалық жұмысының да түр‑ түрі бар. Арықтарды аршу, қоқыстан тазарту, жапырақтарды жинау, қалдықтарды теруден бөлек, қыс мезгілінде жолдарды қардан тазалап, тұз бен құм себуді де атқарамыз. Тіпті тұрғындардан түскен өтініштерді де орындаймыз. Күніне сегіз сағат жұмыс істейміз. Адамдардың бізге деген көзқарасы мен жұмысымызға деген пікірлері түрліше. Біреулері қоқыстарды орнына салады, ал кейбірі «Сендердің жұмыстарын ғой» дегендей көрер көзге көшеге құтыны, темекі қорабын, тағы басқа заттарды тастай салады»», ‑ дейді Халима Ержанқызы.
1971 жылы бұрынғы Шымкент облысы, Ленин ауданы, Талдыбұлақ елді мекенінде қарапайым жұмысшы отбасында дүниеге келген Халима, 2019 жылдан бері, яғни 34 жылға жуық Сайрам ауданының орталығы Ақсукентте тазалықшы жұмысын жасап жүргені. Дәлірек айтқанда, бүгінгі күні «Көрікті Сайрам» КММ 2024 жылдан бастап толыққанды қызметіне кіріскен мекемеде. Мекеменің негізгі атқаратын қызметі 2024 жыл ішінде Сайрам ауданының 4 ауылдық округы бойынша (Ақсу, Қарасу, Манкент және Қарабұлақ) ауылдық округтерін ретсіз қоқыстардан тазалау, қоғамдық орындарды күтіп ұстау, абаттандыру, көше жарықшамдарын күтіп ұстау және оның электр қуатын қастамасыз ету, аудандық және ішкі жолдарды күтіп ұстау (қардан тазалау, инертті материалдар себу, жол белгілерін күтіп ұстау, жол жамау жұмыстарын ұйымдастыру). Мекеме 2025 жылдан бастап аудан әкімінің қаулысына сәйкес Сайрам ауданы бойынша барлық 11 ауылдық округке қызмет атқарып келеді. Штаттық кесте бойынша қызметкерлер саны 455 бірлік. Нақты бүгінгі таңда жұмыс атқаратындардың саны 382 жұмысшы.
Ия, Халима Ержанқызы Ақсукент ауылдық әкімшілігінің алғыс хатымен, тіпті аудандық «Мәртөбе» газетіне де өзі туралы әріптестерім мақала жазған екен.
Отбасында үш ұл, үш қыз тәрбиелеп, төрт немеренің сүйікті әжесі және күміс алқа иегері, батыр ана.
Үстеріне қызыл желетке киіп, қолдарына сыпырғы ұстаған, көбінесе, көше бойында жүретін тынымсыз жандарды күнделікті кез келгеніміз кездестіріп жатамыз.
Қолдарындағы қапқа жерде жатқан қоқыстарды толтыра салып, жүк машинасына қарай аяңдайды. Олар қыста қолына күрек, жазда сыпырғыш пен шүберек ұстап, күн сайын ауа – райының қолайсыздығына қарамастан, аудан аумағын таза ұстауға жұмыстанады.
— «Жұмыстың үлкен – кішісі, қадірлі – қадірсізі болмайды. Ең бастысы, адал еңбектену. Көше сыпырамын деп намыстанудың қажеті жоқ. Осындағы әрбіріміз асын адалынан тауып жүрген нағыз еңбекқор жандармыз», ‑ дейді тазалықшы.
Бәріміз жоғарғы оқу орнын оқып, таза кабинетте отырсақ, ауламызды, аумақты, қоршаған ортаны таза ұстауды кімге жүктер едік. Ендеше жоғарғы білімім болмаса да, өз ортамның сыйына, еселі еңбегімен бөленіп жүрген жанға деген құрметім ерекше.