Мемлекет басшысы Қасым – Жомарт Кемелұлы Тоқаев 2025 жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялады. Жұмыстың жаманы жоқ, кез келген еңбек – қадірлі. Ең бастысы, әркім жауапкершілікті терең сезініп, өз міндетін сапалы атқаруға тиіс. Сонда ғана еліміз дамудың сара жолына түседі.
Жалпы адам баласы – табиғаттың төл баласы. Айналаңа пайдаң тимесе, зияның да тимеу керек. Алайда көп жағдайда бұл мәселеге ат – үсті қарап, қоршаған ортамызға пайдамыздан гөрі зиянымызды тигізіп жатқан. Неге десеңіз үйден шыққан қоқысты арнайы орындарға жеткізбей, қай жер болсын сол жерге қалдырып, ол аздай шашып, төгіп кететініміз жасырын емес. Түрлі бос құтылар, темекі қораптары мен қалдықтары жол жиегіндегі сайлар мен көпқабатты үйлердің маңайында шашылып жатқанына сізбен біз куәміз.
Тарқатып айтсақ, қазіргі таңда Қазақстан да ғана емес, әлем бойынша басты мәселенің бірі – қоқыс болуда. Жыл сайын адамзат 2,2 млрд текше тонна қоқыс шығарады екен.
‑« Қоқыс мәселесі – атқарушы органдардың ғана емес, қоғамның әрбір мүшесі бас ауыртуға тиіс түйткіл. Әйтпесе де, қоқысты кез келген орынға тастамай, қоршаған ортаның тазалығына жауапкершілікпен қарау керекпіз», ‑ дейді 1991 жылдан бері Түркістан облысы Сайрам ауданы Ақсукент елді мекенінде бір салада көгалдандыру жұмысымен айналысып келе жатқан Майра Базарбайқызы.
Шерниязова Майра 1970 жылы 5-ші мамырда бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысы, Алғабас (қазіргі Бәйдібек) ауданы, Шаян елді мекенінің тумасы. Осы Шаян аулындағы В.Ленин атындағы мектепті орта білімімен бітіріп, бірден шаруаға кіріскен. Нан зауытында нан пісіруші болып 1987 жылдан жұмыс жасаған ол, 4 жылдан кейін коммуналдық қызметке ден қойған. Анығын айтқанда, бүгінгі күні «Көрікті Сайрам» КММ 2024 жылдан бастап толыққанды қызметіне кіріскен мекемеде. Мекеменің негізгі атқаратын қызметі 2024 жыл ішінде Сайрам ауданының 4 ауылдық округы бойынша (Ақсу, Қарасу, Манкент және Қарабұлақ) ауылдық округтерін ретсіз қоқыстардан тазалау, қоғамдық орындарды күтіп ұстау, абаттандыру, көше жарықшамдарын күтіп ұстау және оның электр қуатын қастамасыз ету, аудандық және ішкі жолдарды күтіп ұстау (қардан тазалау, инертті материалдар себу, жол белгілерін күтіп ұстау, жол жамау жұмыстарын ұйымдастыру). Мекеме 2025 жылдан бастап аудан әкімінің қаулысына сәйкес Сайрам ауданы бойынша барлық 11 ауылдық округке қызмет атқарып келеді. Штаттық кесте бойынша қызметкерлер саны 455 бірлік. Нақты бүгінгі таңда жұмыс атқаратындардың саны 382 жұмысшы екен. Ия, өмірінің 34 жылын қоғамның тазалығын сақтауға үлес қосып келе жатқанын айту оңай болғанымен, күннің аптап ыстығы мен жаңбырлы күндерінде, қақаған аязды суықта тазалық сақшысы болып жүрген еңбек адамына айтар алғысымыз шексіз.
Тазалық пен тәртіпке елеулі үлес қосып жүрген Майраның еңбектері ескеріліп, жергілікті әкімдік пен өзі жұмыс жасап отырған мекеме тарапынан марапаттарға бөленіп жүр.
Бір ұл, бір қыз тәрбиелеп отырған Майра Базарбайқызы он немеренің әжесі.
Аудан орталығының абаттануы мен тазалығына өзіндік үлесін қосып, тұрақты жұмыс істеп жүрген нағыз еңбек адамының мерейі үстем болсын!
Ия, шындығында тазалық – ортақ іс. Айналаңның таза болғаны саған да, тазалаушыға да жақсы. Ендеше тазалықты неге сақтамасқа?