Ес біліп, әке‑шешеге қолғабыс бере бастаған 6‑7 жастағы Ерәлі Умарәліұлы мал өсіруге жақын болып өсті. Әкесі таңнын атысы, күннің батысы ауыл ішінде қандай қара жұмысты жасап жатса, бала Ерәлі де бәріне араласып ширақтала бастаған. Кетпен шауып, жер қопсытып огородта жүрсе, енді бірде мал айдап, қора тазалап, бағып‑ қағумен болды. Ата‑ананың еңбекке балуының арқасында төрт түлікке жақын болып өскен Ерәлі Усманов, ер жетіп, отбасы құқрғанда да әр үйдің есігін жағалап, 7‑8 жылдай пәтер жалдап тұрғанын тілге тиек етті.
Бүгінде өткен күннің қиындығын артқа тастап, өзінің шаруа қожалығын құрғанға дейінгі жеке меншігіндегі бір сиырмен күн көріп, отбасын асырап, ел қатарына іліккенін, өмір сүруге деген құлшыныстың артуы мен пейнеттің түбі зейнет болатынын тереңнен түсінгенің пайдасы екені дауасыз.
Сол бір сиыр бағудан басталған еңбек, 2005 жылы «Умарәлі – ата» шаруа қожалығын құрып, мал басын көбейтуді қолға алғызған. Бүгінде қожалықтың иелігінде 1200 бас ірі қара. Оның ішінде қара мал тұқымын асылдандыруды қолға алған. Осыған орай кәсіпкердің Сайрам ауданы, Қарасу ауылдық округі, Ақбай ауылында үш үлкен мал базасы бар. Етті, тұқымды да, сүтті тұқымды да өсіріп отыр. Әрине сүт пен ет негізгі кіріс көздерінің бірі екенін атап өткен Ерәлі, өз ауылының 30- дан астам адамын жұмыспен қамтамасыз етіп отырғандығы құптарлық іс. Оларға берілетін айлық жалақының көлемі 200-250 мың теңге аралығында екен. Аудан аумағында өтетін түрлі қайырымдылық шараларды қалт жібермеуге тырысатын кәсіпкер, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін де назардан тыс қалдырмауға тырысуда. Алайда қамқоршылық танытып, көмек берген игілікті істерін жіпке тізуді жөн санаймын дейді сөз арасында шаруа иесі.
«Мал баққанға бітеді» дегенді бұрынғылар бекерге айтпаса керек. Оның төркіні қыста күннің ызғарына қарамай, жазда күннің ыстығымен қоса, малдың ауру‑ сырқауымен «алысатын» бақташы тірлігінің қиындығын тұспалдайтындай. Соңғы жылдары шалғай ауылдардағы ағайынның еңсесінің көтеріліп, етек‑жеңін жинай түскендігі көпке аян. Мемлекет тарапынан берілетін барлық мүмкіндікті мүлт жібермеуге тырысады. Біреуде мал болса, екіншісі құс өсіріп, егін егетін, тіпті балық шаруасымен шалқып отырған шаруалардың еселі еңбектерін көргенде, көңілге қуаныш ұялатады.
Қазіргі таңда Түркістан облысы Сайрам ауданы ет‑сүт өңдірудің ордасы десек болады. Мал бордақылаудан Түркістан облысы бойынша алдыңғы қатардағы аудандардың бірі. Сондықтан да, кәсіп көзін тапқан Ерәлі Усмановтай азаматтардың мұрындық болуымен, өңір экономикасы елеулі ұлғайып келеді.
Бүгінде жұбайымен үш бала тәрбиелеп отырған кәсіпкер, үлкен ұлының өзіне көмекші болғанын, екінші ұлы мен кенже қызының жоғары оқу орынында білім алып отырғанын мақтаныш санайды. Еліміздің өркендеуіне үлес қосатын, болашағымыздың жарқын болуына басымдық беретін – ол білімді де, еңбекқор жастар дейді.