Түркістан облысы республика аумағында ауыл шаруашылығы бойынша ең алғашқы орында, яғни көшбасшысы аймақ екені көңіл қуантады. Қазақстанның табиғи және климаттық жағдайына байланысты ауыл шаруашылығының бірнеше бағыты оңды жолға қойылған. Оның ішінде мал шаруашылығы, бау‑бақша, егін шаруашылығы және балық шаруашылығы кеңінен дамыған. Республика аумағының жалпы жер көлемінің 80 пайызға жуығы ауыл шаруашылығына қолайлы болып табылады. Ал оның 11 пайызға жуығы егістікке арналған жерлер болып есептеледі. Жалпы алғанда Қазақстан Республикасының 22,582,3 мың гектар аумағы ауыл шаруашылығы дақылдарын егуге арналған жер. Оның ішінде Түркістан облысы аумағында 847,9мың гектар ауыл шаруашылығы егістіктеріне пайдалануда.
Бүгінгі әңгімеміздің арқауы болып отырған Төлеби ауданында ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі, статистикалық мәліметке сүйенсек осы жылдың 4 айында 9,2 млрд теңгеге жеткен. Жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 61,5 млрд теңгеге жетеді деп күтілуде екен.
Аудан тұрғындарының басым көпшілігі егістік егумен айналысуды басымдыққа алған. Бүгінде 2025 жылдың өніміне егілетін егіс көлемі 64 966,6 гектарды құраған.
Анығын айтқанда, мал азықтықтары үшін дақылдар 28 957гектарға, майлы дақылдар 10 311гектарға, күздік бидай 10 200гектарға, арпа 7320гектарға, көкөніс 1247 гектарға, жаздық бидай 5490гектарға, картоп 891гектарға, ноқат 50 гектар көлемдег3 аумақты құрауда.
Аудан экономикасының негізін ауыл шаруашылығы құрағандықтан, Кемеқалған ауылдық огругінде құны 200млн теңгеден жоғары АӨК инвестициялық жобаларды іске асыру межесі жолға қойылуда. «Қазығұрт бақтары» АШӨК алма шырынын өңдеу цехына 1млрд теңге инвестиция тартылып, 20 адам жаңа жұмыс орнымен қамтылмақ. Зертас ауылдық округінен «NEW ASIA FARMER» ШФҚ тауарлы сүт фермасына тартылатын инвестиция көлемі 500 млн теңге, ал 15 жаңа жұмыс орны ашылмақ.
Аудан әкімдігінің мәліметінше, өңдірілген өнім соңғы 4 айдың көрсеткіші бойынша өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 365,2 пайызға орындалу көрсеткішіне жеткен. Етті жыл соңына дейін 17,34 мың тоннаға өндіру межеленсе, орындалған 3,4 тонна, яғни 20 пайыз орындалған. Сүт өндіру де 47,7 мың тонна болса, оның 14,7 мың тоннасы бүгінгі күнге, яғни 31 пайызға орындалған. Сонымен қатар, жұмыртқа өндіру 21,4млн дананы құрау қажет болса, оның 72 пайызы орындалып, 15,3 млн данаға жетіп отыр.
Айта кету керек, Үкіметтің 2025 жылға дейін халықтың табысын арттыру бағдарламасын орындау мақсатында «Ауыл аманаты» жобасы басталған болатын. Бұл жоба ауыл тұрмысын жақсартып, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруды көздейді. Жоба аясында да Төлеби ауданының тұрғындары өз кәсібін ашып, қосалқы шаруашылықпен де айналысып, есік алдындағы жерлерін игеріп, ауладағы мал шаруашылығын дамытып және де өзге де кәсіп түрлерімен айналысу тұрғындардың негізгі мақсатының орындалуына түрткі болуда.
«Ауыл аманаты» жобасы мемлекет басшысы Қасым ‑ Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың 2022 жылдың 22 қарашасында бекіткен №11 «Қазақстан Республикасының ауылдық аумақтарын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы туралы» Жарлығы негізінде бастау алғаны белгілі.
Аудан әкімі Еркеғали Амантайұлының біліктілігі арқасында инвесторлармен жиі кездесулер ұйымдастырып, инвестиция тартуда алдыңғы қатарда көрінуде десек артық айтқандық емес. Бір ғана мысал келтірсек, қазіргі кезде аймақта 16 кәсіпкер балық шаруашылығымен тұрақты айналысып келсе, биылғы жылы 5 шаруашылық қатарға қосылды. Әрине айту оңай болғанымен, кез‑келген жұмыстың іске асырылуы талап пен жауапкершілікті, тіпті білімділік пен біліктілікті қажет етері сөзсіз. Ендеше, Төлеби ауданы тұрғындарының шаруасы шалқып, әлеуметтік әлеуетінің артуына бар күшін салып, жұмыс жасап жүрген саланың мамандарына тек тың серпін серік болғай демекпіз.