Соңғы жылдары Төлеби ауданының орталығы Ленгір қаласында жаңа инженерлік – инфрақұрылымдар, тұрғын үй нысандары және білім ғимараттары салынуда.
5 елді мекенді және Ленгір қаласы Алатау мөлтек аудандағы (Көксәйек, Зертас, Бірінші Мамыр, Қаратөбе, Қайнар, Ленгір қаласы Алатау мөлтек ауданы) тұрғын үй салуға жер телімдерімен (462 гектар) қамту үшін инженерлік‑коммуникация жүйелерінің құрылыстары жүргізілуде. Оның ішінде ауыз су, электр жүйесі, газ, жол салу мәселелері бар.
Қуантарлығы жоғарыдағы айтылған мән‑жайлардың оңтайлы шешілу жұмыстарының арқасында, 2 мыңнан астам, яғни 2062 жер телімі берілмек.
Одан бөлек облыстық бюджеттен Ленгір қаласы Қапал батыр көшесіндегі 5 қабатты 156 пәтерлі 3 тұрғын үйдің құрылысын жалғастыруға 894 млн теңге қаржы қарастырылып, құрылыс жұмыстары жүргізіліп, нысан осы жылы аяқталып, тұрғындар қуанышқа кенелмек. Аталған тұрғын үйлердің инженерлік‑коммуникация жүйелерінің құрылысына 200 млн теңге тағы да облыстық бюджеттен қарастырылуда екен.
Одан өзге Момынай елді мекенінің жаңа массивіне инженерлік‑коммуникация жүйелерінің құрылысы жүргізілуде. Нақтырақ айтқанда электр жүйесі мен ауыз су.
Ленгір қаласы Таскешу елді мекенінің және Шаңырақ Солтүстік мөлтек аудандарының бас жоспарын әзірлеу мен инженерлік‑коммуникация жүйелерін, яғни 3 жобаның жобалау сметалық құжаттамасы демеушілер есебінен әзірленуде.
Сонымен қатар, 2025 жылға Ленгір қаласы Алатау мөлтек ауданындағы инженерлік‑коммуникация жүйелерін жүргізу үшін, оның ішінде табиғи газ кіргізуге 3,3 млн теңге жоба сметалық құжаттамаларын сақтауға қаржы қарастырылған.
Сондай‑ақ, Момынай елді мекенінің жаңа массивіне инженерлік‑ коммуникация жүйелерінің құрылысын, атап айтқанда, автомобиль жолдары үшін – 2184,5 млн теңгеге, телефонға ‑ 125,3 млн теңге жобалау‑ сметалық құжаттамасы әзірленіп, қаржыландыруға ұсынылып отыр.
Осы ретте Ленгір қаласының әкімі М.Жұмабаев, ауданның тұрғын үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысы С.Қалдыбаев, ауданның құрылыс, сәулет және қала құрылыс бөлімінің басшысы Қ.Тұрғынбаев, Төлеби аудандық газ тарату бөлімінің басшысы М.Тұрымбетов, қала көшелеріндегі көп қабатты, яғни Үміт көшесіндегі екі тұрғын үйдің құрылысын жүргізген мердігер мекемее басшылары биылғы жылы пайдалануға берілген көп қабатты 120 пәтердің тұрғындарымен кездесіп, бірқатар маңызды мәселелерді талқылады.
Мемлекеттік қызметшілер халықпен ашықтық орнату мақсатында және күрделенген мәселелерді бірлесіп шешуді алдыңғы жолға қойған. Мұндай кездесулердің өз кезегінде тұрғындар үшін маңыздылығы орасан.