Екі атаулы мереке — Отан қорғаушылар күні және Ұлы Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында ҚР ІІМ Ұлттық ұланының 6506 әскери бөлімінде салтанатты іс-шара өтті. Оған бригада басшылығы, офицерлер, келісімшарт бойынша әскери қызметшілер,сарбаздар,сондай-ақ әскер ардагерлері қатысты деп, хабарлаған ҚР ІІМ Ұлттық ұланы «Оңтүстік» ӨңҚ баспасөз қызметі.
Іс-шара ҰОС батырларының ескерткішіне гүлдер мен гүл шоқтарын қоюдан басталды. Осыдан кейін бригада командирі полковник Марат Рахманов жеке құрамға құттықтау сөз сөйледі.
— «Осы айтулы күні өзін әскери қызметке арнаған және ант бергендерді құттықтаймын. Отан қорғаушылар күні мен Жеңіс күніне орай шын жүректен құттықтауымды қабыл алыңыздар!
Отан сүйгіштіктің, ар-намыстың, парыз бен батылдықтың, үлгілері ретінде қызмет ететін Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен тыл еңбеккерлеріне ерекше алғыс білдіргім келеді!»,- деді Марат Оралұлы.
Іс-шара барысында қызметтік міндеттерін адал атқарғаны үшін және Отан қорғаушылар күнімен Ұлы Жеңістің 80 жылдығын мерекелеу құрметіне қызметте ерекше көзге түскен әскери қызметшілер Ішкі істер министрінің, Ұлттық ұланның Бас қолбасшысының, «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының және 6506 әскери бөлімі командирінің бұйрықтары мен марапатталды. Сондай-ақ, наградалар әскери бөлімнің қоғамдық өміріне белсенді қатысқан әскер ардагерлеріне табысталды.
Іс-шара жеке құрамның салтанатты шерумен өтуімен аяқталды.