Бәйдібек ауданына қарасты Тұрақты елді мекенінің маңынан өтетін Бөген өзенінің арнасында су тасқынының алдын алу мақсатында арна нығайту және жағалау бекіту жұмыстары жүргізілді деп, хабарлаған Бәйдібек ауданы әкімінің баспасөз қызметі.
Аталған жұмыстар ауыл тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету, табиғи апаттардың алдын алу және су шаруашылығын тиімді жүргізу мақсатында қолға алынды. Көктемгі жауын-шашын мен еріген қар суларының көлемі артқан жағдайда өзен суының арнасынан асып, маңайдағы аумақтарға қауіп төндіруі ықтимал. Осыны ескере отырып, аудан әкімдігінің тапсырысы бойынша өзен арнасын тереңдету, жағалауларын нығайту және қорғаныс бөгеттерін қалпына келтіру жұмыстары жүйелі түрде атқарылды.
Жобаны жүзеге асыру барысында арнайы техникалармен өзен табаны кеңейтіліп, топырақтан жасалған бөгеттер күшейтілді. Сонымен қатар, су ағысын реттейтін құрылғылар орнатылып, гидротехникалық қауіпсіздік шаралары пысықталды.
Жергілікті тұрғындар атқарылған жұмыстарға ризашылығын білдіріп, мұндай шаралар ауыл өмірінің қауіпсіздігі мен жайлылығына оң әсер ететінін атап өтті. Бұл жұмыстар табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану мен экологиялық тепе-теңдікті сақтау тұрғысынан да маңызды.
Аудан әкімі Ерлан Нұрмахановтың тапсырмасына сәйкес, су нысандарына қатысты осындай алдын алу және қалпына келтіру жұмыстары алдағы уақытта басқа да елді мекендерде жалғасын табатын болады. Бұл өз кезегінде аудан көлеміндегі су қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және ауыл шаруашылығы қажеттіліктеріне бағытталған су ресурстарын тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.