Қазығұрт ауданына қарасты Тұрбат ауыл округінің «Пасека бал» шаруа қожалығы базасында жылыжай шаруашылықтарындағы қазандықтардан шығатын түтінді азайту және ауылдың жалпы экологиялық жағдайын жақсарту мақсатында семинар-кеңес өтті деп, хабарлаған Қазығұрт ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Семинар-кеңес жұмысына Тұрбат ауыл округінің әкімі Әбдіғали Ертаев, Қазығұрт аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Нұрбай Қалдыкөзов, «Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің Түркістан облысы бойынша Экология департаменті» РММ-нің маманы Шора Қазыбай, «QAZAQGAZ» Түркістан өндірістік филиалының Қазығұрт аудандық газ шаруашылығының шебері Ордабек Досмұрзаев, «Жылыжайлар ассоциациясы» Түркістан облыстық филиалының төрағасы Данияр Қалтаев, сондай-ақ ауыл округінде жылыжаймен айналысатын бірқатар шаруа қожалықтарының өкілдері қатысты.
Кеңес барысында жылыжай қазандықтарынан шығатын зиянды қалдықтарды азайту мақсатында сүзгілері бар заманауи қазандықтарды енгізу жолдары, көмірден көгілдір отынға (газ) көшу механизмдері және осы бағытта қажет рұқсат құжаттарын рәсімдеу тәртібі егжей-тегжейлі түсіндірілді.
Сонымен қатар, қатысушыларға экологиялық заңнама мен қоршаған ортаны қорғау саласындағы талаптар жөнінде жан-жақты ақпарат берілді. Экология департаментінің өкілі мен өзге де сала мамандары жылыжай шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлерге қоршаған ортаға зиян келтірмей, тұрақты әрі экологиялық таза өндірісті қалыптастырудың маңыздылығын атап өтті.
Семинар-кеңес соңында қатысушы шаруалар экологиялық талаптарға сәйкес әрекет етіп, ауылдың экологиялық ахуалын жақсарту мақсатында сүзгілері бар жаңа қазандықтарды орнатуға, сондай-ақ көгілдір отынға (газ) көшуді мүмкіндігінше тездетіп жүзеге асыруға дайын екендіктерін жеткізді.