1 млн қазақстандықты жасанды интеллектпен жұмыс істеу дағдыларына үйрету – ҚР Үкіметінің стратегиялық бастамасы. 5 жыл ішінде 500 мың оқушы, 300 мың студент, 90 мың мемлекеттік қызметкерді, 80 мың бизнес өкілін және басқа салалардан мыңдаған азаматты қамту жоспарда бар. Мақсат – технологияны тұтынуға ғана емес, оны жасауға және пайдалануға дайын ұрпақ қалыптастыру. Бұл туралы ОКҚ алаңында өткен баспасөз мәслихатында «Инновациялық технологиялар паркі» ДКҚ басқарушы директоры Дания Ахметова мәлімдеді.
«12-18 жастағы жасөспірімдер үшін осы күзде халықаралық ЖИ орталығының базасында alem.ai TUMO орталығы ашылады. Бұл – инновациялық білім беру кеңістігі, онда балалар анимация, бағдарламалау, 3D графика, генеративті жасанды интеллект және басқа да бағыттар бойынша тегін білім ала алады. Былтыр жастар мен студенттер үшін тәжірибе, топтық жұмыс және сыни ойлауды дамытуға баса назар аударатын peer-to-peer Tomorrow School моделі бойынша алғашқы ЖИ мектебін аштық. Бағдарлама тегін және екі жылға созылады. Мектепке іріктеуден өткен кез келген адам түсе алады. Оқыту аясында студенттер Golang, JavaScript, Python және Rust сияқты ЖИ және IT-әзірлеуде сұранысқа ие заманауи бағдарламалау тілдерін меңгеріп жатыр», — деді спикер.
Сондай-ақ ол AI Qyzmet бағдарламасын атап өтті. Ол мемлекеттік қызметкерлер мен басқарушыларға бағытталған және жасанды интеллекті түсінуге ғана емес, оны этикалық, тиімді және қоғамның игілігі үшін енгізуді үйретеді. Бұл –технологиялық және икемді мемлекеттік басқаруды құруға қосқан үлес.
Жақында БАӘ-мен серіктестік нәтижесінде құрылған QazCoders білім беру бағдарламасы іске қосылды. 2019 жылдан 2023 жылға дейін осындай жоба Өзбекстан мен Иорданияда тиімді жүзеге асты. Бағдарламада жас шектеуі жоқ, онда сарапшылар мен ЖИ көмекшісінің қолдауы қолжетімді.
Жасанды интеллект саласындағы тағы бір маңызды бастама – Decentrathon – Қазақстандағы ең ірі мультилокациялық хакатон. Бұл жоба бүкіл ел бойынша жас мамандарды біріктіреді және оларды болашақтың шешімдері бойынша нақты, практикалық жұмыс арқылы AI-трансформация процесіне тартады. 2024 жылы Decentrathon-ға елдің барлық аймағынан 2500-ден астам адам қатысты.