Бүгін Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров ауданымыға жұмыс сапарымен келді. Өңір басшысы бірінші кезекте Шұбарсу ауылындағы жаңадан салынған полиция ғимаратын ресми түрде пайдалануға беру рәсіміне қатысты деп, хабарлаған Ордабасы ауданы әкімінің баспасөз қызметі.

Жалпы ауданы 465 шаршы метрді құрайтын жаңа ғимарат ауыл тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады. Ашылу салтанатында облыс әкімі құттықтау сөз сөйлеп, жергілікті қариялар бата берді. Одан әрі әкім екі қабатты жаңа ғимараттың ішін аралап, қызметтік бөлмелермен танысты.

Келесі кезекте аудан орталығының мәдениет сарайында тұрғындармен жүздесіп, олардың өтініштері мен ұсыныстарын тыңдады. Облыс басшысы кездесудегі кіріспе сөзінде өңірдің, ауданның даму көрсеткіштеріне тоқталып, өндіріс орындарын ашу, экономиканы көтеру бағытындағы жұмыстар үздіксіз жалғасатынын айтты. «Өздеріңізге белгілі, Мемлекет басшысының бастамасымен «Таза Қазақстан» бағдарламасы аудан, қалаларда жүзеге асырылып келеді. Тұрғындарды көгалдандыру, тазалық шараларына белсене қатысуға шақырамын. Ауданның әлеуетін көтеру бағытындағы жұмыстар жүйелі жалғасады, – деген Нұралхан Көшеров жоспарлардың жай-күйін баяндай келе, көпшілікті өңірдің дамуы жолында тынбай еңбектенуге шақырды.
Кездесуден кейін Нұралхан Көшеров тұрғындарды жеке қабылдап, өтініштерін тыңдады. Мәселелер бақылауға алынды.

Облыс әкімінің сапары әрі қарай Бадам ауылындағы индустриалды аймақта жалғасты. Айта кетсек, өндірістік парктің жалпы жер көлемі 8 гектарды құрайды. Жер учаскесі мемлекет тарапынан заңдастырылып, инфрақұрылым жүйелері тартылған өндіріс аймағында жалпы саны 12 нысан орналасып, жер аумағы 19 008 шаршы метрді құрайтын болады. Облыс басшысы бұл аймақта «Central Asia aluminum company» алюминий профильдерін өндіру зауытының құрылысымен танысты. 2024 жылдың наурыз айында басталған жоба құрылысы ағымдағы жылдың маусым айында аяқталуы тиіс. Бұл жоба өңірдегі ірі инвестициялық бастамалардың бірі болып саналады. Кәсіпорын іске қосылған соң, аймақтағы жұмыссыздық деңгейін төмендетіп, өңір экономикасына айтарлықтай үлес қоспақ. Сондай-ақ, Қазақстанның алюминий өнімдерін экспорттау әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді деп күтілуде.

Келесі кезекте индустриалды аймақта өндірістік парктың құрылыс капсуласын салу рәсіміне қатысты. Бұл іс-шаралар ауданының инвестициялық тартымдылығын арттырып, жаңа өндіріс ошақтарының пайда болуына ықпал етпек.

Облыс әкімінің бүгінгі сапары әр ауданның индустриялық және экономикалық дамуы, ондағы жергілікті халықтың ұсыныс- тілектерінің басты назарда болуы, тиімді өндірістік жобалардың іске асырылуы қашан да алдыңғы орында екенін көрсетті.