Бүгінгі тойланып отырған осынау тарихы тереңге тартқан мереке «Наурыз – жыл басы» сахналық композициясымен басталып, кернейшілер, дабылшылар, атты жаршылар керуенімен жалғасты. Қыдыр ата бата беріп, адыраспанмен аластау, жеті шелпек тарату, шашу шашу, тұсау кесер, көрісу дәстүрлері паш етілді. Наурыздың келуін дәріптейтін құмырадан ақ құю рәсімі жасалды. Ортаға мың бұралған биімен бишілер тобы шығып, атты және жаяу сарбаздар, гүлдер мен көбелектер шеруі ұйымдастырылды деп, хабарлаған Ордабасы ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Аудан әкімі Оралбаев Азат Әбдіғалиұлы сөз алып, жұртшылықты мерекемен құттықтады. «Жер-Ананың босап, тіршіліктің жаңарып, мейірім мен жылулық лебін ала келген Ұлыстың Ұлы күні Наурыз мейрамы құтты болсын!»- деп сөз бастаған аудан басшысы бүгінгі мерекелік іс шараға ауданнан түлеп ұшып, түрлі салада еңбек етіп жүрген, ауданның өсіп-өркендеуіне үлес қосқан ардагерлер, ауданның «Құрметті азаматтары», кәсіпкерлер, ауданда жауапты қызмет атқарған азаматтар, шақырылғанын жеткізді. Туған жерге, қасиетті Ордабасы ауданына уақыт тауып, аудан тұрғындарының қуаныштарына ортақтасқандары үшін шынайы алғысын білдірді.
«Ордабасы Тәуелсіздік жылдары мән-маңызы айшықтала, айқындала, арта түскен, жадыда жаңғырған, тәуелсіздікпен тамырлас тарихи орын екені баршаңызға аян. Жалпы ауданымыздың арлы берлі тарихында табиғатта кең дала төсінде келелі жиын, торқалы той өткізу жат дүние емес. Биылғы жылғы Ұлыстық ұлы күні табиғат-анамыз оянатын «Әз Наурыз» мерекемізді ұлттық салт-дәстүрлерімізбен ұлттық нақышта тасын түртсең тарихы сөйлейтін Ордабасы тауы баурайында мерекелеуді жөн көрдік» — деді.
Тарихтан мәлім, Ордабасы тауының қойнауында Орда тігіліп, қазақтың үш жүзінің игі жақсыларының басы қосылып, жоңғар басқыншылығына қарсы күреске халықты жұмылдыру жайы талқыланғанын, егеменді ел атанған шақта бауырлас үш мемлекет Қазақ, Қырғыз, Өзбек елдері басшыларының бас қосып жас мемлекеттің өсіп өркендеуіне бата алысқанын тілге тиек етті.
Ордабасы жерінің қайта жаңғырып, абаттана түскенін айтып, бүгінде қол жеткізген орасан жетістіктерді атап өтті.
«Биыл Ұлыстың Ұлы күні айлардың сұлтаны Рамазан айымен тұспа-тұс келіп отыр.
Баршаңызды айлардың сұлтаны, берекелі де кешірімі мол, ізгілік пен мейірімділікке толы Рамазан айынмен құттықтаймын, ұстаған оразаларыңыз қабыл болсын.
Ұлыстық ұлы күнін халқымыз бірлік пен татулықтың, молшылықтың бастауына балап, «Ақ түйенің қарны жарылған күн» деп те атайды. Самарқанның көк тасы еріп, күніміз әлемге шапағатын төккен, қыстың сызын бойдан қуып ерекше әсерге бөлейтін күн.
Ақтың молаятын, Күн мен түннің теңелетін, тіршіліктің жаңаратын, кезеңі — Наурыз мерекесі құтты болсын!
Ұлтымыздың мерейін өсіріп, бар болмысымызды айшықтайтын қасиетті – Наурыз мерекесі елімізге, әрбір отбасына бірлік пен қуаныш, құт-береке, бақыт пен молшылық әкелсін! Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын!» деп ақжарма тілегін білдірді.
Сондай-ақ мерекелік іс – шарада 20 дан астам киіз үй тігіліп, әр киіз үйдің ішінде шаш өру, соқыр теке, жүн түту, жүн сабау, ұршық иіру, құрт жасау тағы басқа қазақтың салт — дәстүрлері көрсетіліп ұлттық тағамдардан мол дастархан жайылды. Алаңдарда спорттың түр-түрінен жарыстар өткізіліп, аудандағы кәсіпкерлер өндіретін және ауылшаруашылық өнімдерінің көрмесі көрсетілді.
Мерекеге арналған салтанатты іс – шара аудандық мәдениет үйі өнерпаздары мен «Ордабасы» Фольклорлық халық ансамблінің концерттік бағдарламасымен көріктенді.