Сайрам ауданының әкімі Арман Сабитов Түркия елінен келген инвесторлармен кездесті. Басқосуда аудандағы инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мәселелері талқыланды. Аудан басшысы ауыл шаруашылығы өндірісіне заманауи технологияны енгізудің маңыздылығын ерекше атап өтті. Тараптар агроөнеркәсіп саласында іскерлік қарым-қатынасты орнатуға ниетті деп, хабарлаған Сайрам ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Инвесторлар Сайрам ауданы аумағынан жасыл технология негізінде Биогаз өндірісін жолға қоймақ. Мал қалдықтарын кәдеге асыра отырып, электр және жылу энергиясын жетілдіру мақсатында құрылатын зауыттың жылдық қуаты сағатына 4,95 МВт биогаз өндіруге қауқарлы.
Алдымен инвесторлар өз жобалары туралы егжей-тегжейлі баяндап, алдағы жоспарларымен таныстырды. Олар биогаз өндірісінің патенттелген технологиясының қатты, сұйық органикалық және органоминералды тыңайтқыштарды біріктіретін, жұмыс істеу икемділігінің тиімділігіне тоқталды.
Биыл салынатын биогаз зауытының эскиздік жобасын көрсетті. Аталған өндіріс орны іске қосылғанда мал қалдықтары пайдаға асып, толығымен қайта өңделеді деп күтілуде. Жоба аясында жылына 75 тонна органоминералды тыңайтқыштар мен 40 млн кВт электр энергиясын өндіру жоспарлануда.
Сондай-ақ өндіріс нысаны толығымен іске қосылғанда аудан аумағында 100-ден астам жұмыс орындары ашылмақ. Өз кезегінде аудан әкімі Арман Сабитұлы ауыл шаруашылығы өндірісіне заманауи технологияны енгізуде қолдау көрсетілетінін жеткізді.
– Ауыл шаруашылығы саласы Сайрам ауданы экономикасының негізгі драйвері болып саналады. Осы саланы дамытуда бірлескен жобаларды жүзеге асыруға дайынбыз. Өндіріс желілерін ашуға қажетті жер мен инфрақұрылым ұсынуға әзірміз, — деді аудан әкімі Арман Сабитұлы.
Айта кетейік, Сайрам ауданында биыл жалпы құны 74,3 млрд.теңгені құрайтын 22 инвестициялық жобаны іске қосу жоспарланып отыр. Нәтижесінде 1 085 адам жұмыспен қамтылуы көзделген. Өткен жылы құны 15,5 млрд теңгені құрайтын 11 жоба іске қосылып, 235 жұмыс орны ашылған болатын.