Жалпы бүгінгі таңда аудан аумағында 26 балық шаруашылығымен айналысып жатқан кәсіпкерлер бар болса, осы бағытта биылғы жылы 10 кәсіпкер өз ісін бастауға бел буып отыр деп, хабарлаған Түлкібас ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Аудан әкімі Аскар Естибаев сондай кәсіпкердің бірі, Машат ауылының тұрғыны Дүйсенбеков Ермахан ағамыздың бастап жатқан ісімен танысты.
1,8 гектар жерге жасанды көл қазып, дайындап қойған ағамыз ол жерге биылғы жылы 30 мың дана сазан, дөнмаңдай және ақ амур балығының шабақтарын жіберуді жоспарлап отыр.
Ал, сол маңдағы «Жеті үй» шаруашылығы осыдан 5 жыл бұрын жасанды көлге 20 мың дана сазан, дөнмаңдай және ақ амур балығының шабақтарын жіберіп, бүгінгі таңда жылына кемінде 5 тонна өнім алып отыр. Және де кәсіпкер көл жанына Сақ моншасын соғып, дәмхана ісін жүргізіп, табысын арттыруда.
Қос нысанның иелерінің алдағы жоспарларымен танысқан Асқар Сұлтанұлы мемелекет тарапынан қолдаулар көрсетілетіндігін жеткізіп, жауапты бөлім басшысына алдағы күндері балық шаруашылығын ашуға ниетті және іске асырған азаматтармен білікті мамандарды қатыстыра отырып семинар ұйымдастыруды тапсырып, бұл бағыттағы жұмыстарды барынша жандандыру керектігін атап өтті.