Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ-нің ұйымдастыруымен Төлеби және Сайрам аудандарында БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз туры өтті.
Сапар аясында журналистер Төлеби ауданындағы этнос өкілдері тығыз шоғырланған елдімекендердегі түрлі кәсіп иелерінің жұмысымен танысты.
БАҚ өкілдері алдымен 1 мамыр ауылдық округінің Тағайна ауылына барды. Ауыл мектебінде мұғалім болып еңбек ететін қолөнер шебері Сарвар Хидировтың туындыларымен танысты.
Бұдан соң журналистер Ханарық ауылында болды. Мұнда жеке кәсіпкер Тұрсынбай Сардар 2018 жылдан бері шлакоблок өндірумен айналысады. Күніне 2000 шлакоблок өндіреді. Қазіргі таңда 6 адамды жұмыспен қамтып отыр. Алдағы уақытта өндіріс көлемін ұлғайту жоспарда бар.
Сондай-ақ бұл кәсіпкер 2019 жылдан бері көлік жөндеумен де айналысады. 4 адамды жұмыспен қамтып отыр.
БАҚ өкілдері «Ырыс Хан Агро» ауыл шаруашылық өндірістік кооперативінің жұмысымен танысты. 2018 жылы құрылған кооперативте 100 шақты мүшесі бар. Кооператив төрағасы Маруфжан Юсуповтың айтуынша, мұнда ауыл тұрғындарынан күнделікті 3-4 тонна сүт жиналады, оны Сайрам ауданындағы сүт цехтарына өткізеді. Қазіргі таңда кооперативте 4 адам жұмыс істейді.
Тасарық ауылдық округі Ханарық елді мекеніндегі Sayfiddin ata ЖК нан кондитерлік өнімдерін шығарады. Жеке кәспкер Сирожиддин Ахметжановтың айтуынша, қазір мұнда 8 ауыл тұрғыны жұмыспен қамтылған. Шығарылған өнімдер Ханарық елді мекенімен қатар және көршілес жатқан Тасарық, Оңтүстік, Көксәйек ауылдарындағы дүкендерге жеткізіледі.
БАҚ өкілдері Сайрам ауданы Қарамұрт ауылындағы «Бажар агро» ШҚ жұмысымен танысып, шаруашылықты аралап көрді. 2009 жылы ашылған нысанның басым бағыты – сүт өндіру. Өнім көлемі — 4,5 тн/тәулігіне, 1500 тн/жылына. Мал басы – 308. Шаруашылық басшысы Бабуржан Зайровтың сөзінше, мұнда 15 адам жұмыспен қамтылған.
Сондай-ақ БАҚ өкілдері «Манкент» медицина орталығының жұмысымен танысты. Заманауи құрылғылармен жабдықталмен орталықта бүгінде 95 адам еңбек етуде.