Ауылішілік жолдарды жақсарту басты басымдық: кандидат Қазбек Елбасы сайлауалды бағдарламасының негізгі бағытын жариялады.
Түркістан облысы Отырар аудандық мәслихатының №7 бірмандаттық аумақтық сайлау округі бойынша депутаттығына өзін-өзі ұсынған кандидат Елбасы Ерханұлы Қазбек өзінің сайлауалды бағдарламасында ауыл инфрақұрылымын дамытуға, соның ішінде ауылішілік көшелердің жағдайын жақсарту мен жөндеу жұмыстарын жүргізуге ерекше басымдық беретінін мәлімдеді.
Кандидаттың айтуынша, ауыл тұрғындарының күнделікті тұрмыс сапасы мен қауіпсіздігі тікелей жол инфрақұрылымының жағдайына байланысты. Сайлауалды бағдарлама аясында Қазбек Ерханұлы депутат болып сайланған жағдайда жергілікті атқарушы органдармен бірлесе отырып, мынадай бағыттарда жүйелі жұмыс жүргізуді көздеп отырғанын атап өтті.
Мәселен, тозығы жеткен және жөндеуді қажет ететін көшелерге тас төсеу, асфальттау және ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу мәселесін аудандық бюджетті қалыптастыру кезінде басым бағыт ретінде ұсыну;
Сондай-ақ көшелердің жүріп-тұруға қолайлы болуын қамтамасыз ету, жаяу жүргіншілер мен балалардың қауіпсіздігі үшін көше жарығын ретке келтіру және тиісті жол белгілерін орнатуға ықпал ету;
Сонымен қатар, жол жөндеу жұмыстарына бөлінген қаражаттың тиімді игерілуі мен мердігер мекемелердің жұмыс сапасын тұрғындармен бірге қадағалау.
Маяқұм ауылының тұрғыны әрі Отырар аудандық спорт клубының жаттықтырушысы ретінде ел ішіндегі өзекті түйткілдермен жақсы таныс Қазбек Ерханұлы ауылішілік жолдардың ретке келуі тек көлік қатынасын жеңілдетіп қана қоймай, әлеуметтік нысандарға қолжетімділікті арттырып, ауылдың жалпы келбетін жақсартуға серпін беретінін алға тартады.
Айта кетейік, Отырар аудандық мәслихаты депутаттарының кезектен тыс сайлауы 2026 жылғы 29 қарашаға белгіленген. Округ тұрғындары сайлау күні өз таңдауларын жасай алады.
