Айта кетсек, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың еңбек нарығын дамыту жөніндегі негізгі тапсырмалары халықтың табысын арттыру, жұмысшы мамандықтарының мәртебесін көтеру және цифрлық жұмыспен қамтуды құқықтық реттеуге бағытталған.
Мемлекет басшысының 2026 жылғы 28 қазандағы «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты соңғы Жолдауында еңбек нарығы халықтың табысы және мамандар даярлау мәселелеріне ерекше маңыз берілді. Жолдауда еңбек нарығы мен жұмыспен қамту саласына қатысты айтылған ең төменгі жалақы мөлшерін 85 мың теңгеден 100 мың теңгеге дейін көтеруді тапсырды. Бүл шара еңбек нарығындағы 1,8 миллионға жуық жұмыспен қамтылған азаматтың табысына тікелей әсер ететіні сөзсіз.
Осы орайда, Ордабасы ауданының жұмыспен қамту бағытында бірқатар жобалар аясында үлкен жұмыстардың атқарылып жатқанын ауыз толтырып айтуға болады, нәтижесі де жаман емес. Жалпы, «Еңбек нарығын дамытудың 2024–2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» бағытында жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларымен 4132 азаматты қамту жоспарланса, есепті кезеңде 4351 адам жұмысқа орналастырылған.
Бұл туралы Ордабасы аудандық Мансап орталығының директоры Дінислам Бақытжанұлымен әңгіме барысында хабардар болдық. Мәселен, жұмысқа орналасқандардың ішінде ұлттық жоба аясында 313 азамат, бос жұмыс орындары арқылы 2176 азамат, «10 мың тұрғынға – 100 жаңа жұмыс орны» бағыты бойынша 610 азамат тұрақты жұмыспен қамтылыпты.
Сонымен қатар, 1209 азамат субсидияланатын жұмыс орындарына жолданды. Оның ішінде 229 адам әлеуметтік жұмыс орындарына, 405 адам жастар практикасына, 493 адам қоғамдық жұмыстарға, 82 азамат «Күміс жас» жобасына тартылған.
Жаңа бизнес-идеяларды жүзеге асыруға арналған мемлекеттік гранттың бірінші легінде 43 азаматқа қолдау көрсетілді. Олардың қатарында 37 көпбалалы отбасы мүшесі, 3 мүгедектігі бар азамат, мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған 2 күтім жасаушы және 1 атаулы әлеуметтік көмек алушы бар.
Әлеуметтік қолдау бағытында да жұмыстар жүргізілді. Тоғыз айда атаулы әлеуметтік көмекке өтініш берген 542 отбасының 3455 мүшесіне атаулы әлеуметтік көмек тағайындалыпты. Бұдан бөлек, жұмыссыз азаматтарды еңбек нарығына тарту және жұмыс берушілер мен жұмыс іздеушілер арасындағы байланысты нығайту мақсатында жыл басынан бері 8 бос жұмыс орындары жәрмеңкесі ұйымдастырылып келе жатқанын айта кеткен жөн.
Әрине, жәрмеңке жұмыс берушілер мен іздеушілер арасындағы тікелей диалог алаңына айналып,аудан тұрғындарына қолжетімді жұмысқа орналасу мүмкіндіктері туралы білуге және кәсіби болашағын құруға маңызды қадам жасауға көмектеседі. Сондай-ақ халықты жұмыспен қамтуға және өңірдің еңбек нарығын дамытуға жәрдемдесері сөзсіз.

