Құқық қорғау органдарының ведомоствоаралық іс-қимылы шеңберінде әскери қызметшілер мен жеке құрам арасында құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында және заңдылықты нығайту бағытында кешенді профилактикалық түсіндіру кездесулер жиі ұйымдастырылады.
Мұндай бірліскен жұмыс шекара шебінде қызмет ететін офицерлер мен сарбаздардың құқықтық сауаттылығын арттыруға және мемлекеттік қызметшілер арасында «Заң мен Тәртіп» қағидатын берік орнатуға бағытталған ақпараттық және профилактикалық байланысты нығайту болып табылады. Осы мақсатта Түркістан облысы ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі полиция капитаны Арман Күмісбекұлы, Шымкент ҚПД Еңбекші АПБ ҚҚБ жауап УПИ полиция майоры Мадияр Саурбайұлы Сарыбай және өзім, яғни Түркістан облысы полиция департаменті есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алу жөніндегі Кеңесінің мүшесі, республикалық «AIMAGNEWS.KZ» ақпараттық агенттігінің Бас редакторы ретінде ҚР ҰҚК ШҚ Түркістан облысы бойынша Төлеби ауданы бойынша шекара басқармасына бардық.
ҚР ҰҚК ШҚ Түркістан облысы бойынша Төлеби ауданы бойынша шекара басқармасының офицері подполковник Шархан Жомартұлы Арыновтың ұйытқы болуымен ұйымдастырылған кездесуде, әскери ортада теріс қылықтардың алдын алу үшін, сондай-ақ синтетикалық және өзге де есірткі заттарының таралуына тосқауыл қою мен оның құқықтық салдары туралы және тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жайында әңгіме өрбіді. Сонымен қатар, құмар ойындарға тәуелділіктің қызметке тигізер теріс әсері мен оның арты қылмыстық құқық бұзушылықтарға (ұрлық, парақорлық, алаяқтық) әкелу қаупі талқыланып, тыңдаушылар тарапынан қойылған сұрақтарға мамандар тарапынан жауаптар берілді.
Өз кезегінде қылмыстың алдын алу және мемлекеттік қызметшілердің өміріне төнетін қатерлерді дер кезінде анықтау үшін ведомствоаралық ақпараттық жүйелер арқылы профилактикалық тұсіндірме жұмыстарын жүргізіп отырудың тиімділігі орасан десек артық айтқанымыз емес.


