Шағын және орта бизнесті дамыту, оның ішінде ауылдық жерлердегі оңтайлы бастамалар мен ісмер азаматтарға мемлекеттік қолдау көрсету – өңірлік экономиканы серпінді етудің негізгі діңгегі. Осы бағытта Түркістан облысы Ордабасы ауданы Темірлан ауылының тұрғыны Нұргүл Сағынаева мемлекет ұсынған мүмкіндіктерді тиімді пайдаланып, өз кәсібін өрге домалатып келеді.
Жеке кәсіпкер қолөнер мен сапалы қызмет көрсету саласын қатар алып жүріп, жергілікті тұрғындардың сұранысын қамтамасыз етуге өз үлесін қосуда. Жалпы, Нұргүл Сағынаеваның шеберханасы тұрғын үйлер мен мекемелерді безендіруге арналған сапалы өнімдер әзірлеумен айналысады. Түрлі сәулеттік стильге сай, сапалы кездемелерден заманауи перделер мен перде ансамблдерін дайындау мен терезелерге арналған күннен қорғайтын әр түрлі үлгідегі жалюзи өндірісін жолға қою және заманауи ұлттық нақыштағы сәндік қолөнер туындыларын әзірлеу.
Кәсібін жаңа белеске көтеріп, өндіріс көлемін ұлғайтуды көздеген ісмер мемлекеттік қолдау бағдарламаларына қатысуға шешім қабылдаған. Кәсіпкерге бағыт-бағдар беріп, құжаттамалық қолдау көрсетуде «TÚRKISTAN» Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының Ордабасы аудандық филиалы мамандары айрықша рөл атқарды.
Білікті мамандар тарапынан мемлекеттік қайтарымсыз гранттар мен төмен пайызды жеңілдетілген микронесие бағдарламаларының шарттары түсіндірілді. Бизнес-жоспар құру, қажетті құжаттар топтамасын жинақтау және конкурстық өтінімдерді рәсімдеу бойынша толық сүйемелдеу жүргізілді. Өз кезегінде Нұргүл Сағынаева аудандық орталық мамандарының кәсіби біліктілігі мен жедел көмегіне, кәсібін дамытуға берген бағыт-бағдары үшін шынайы ризашылығын білдірді.
Темірлан ауылындағы ісмер Нұргүл Сағынаеваның бұл жетістігі – мемлекеттік қолдаудың нақты нәтижесін беретінін және ауылдық жерде де жеке бизнесті табысты дамытуға болатынын дәлелдейтін жарқын үлгі.

