Кентау қаласына қарасты тарихи Қарнақ елді мекенінде тұрғындардың көптен күткен қуанышты оқиғасы орын алды. Салтанатты жағдайда заманауи үлгіде бой көтерген «Достық үйі» мәдениет және бірлік орталығы пайдалануға берілді. Айтулы шараға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров арнайы қатысып, жергілікті тұрғындарды жаңа нысанның ашылуымен құттықтады.
Аймақ басшысы жаңадан салынған еңселі ғимаратты толық аралап көріп, ондағы заманауи құрал-жабдықтармен және мәдени үйірмелердің дайындығымен танысты. Салтанатты ашылу жиынында сөз сөйлеген Түркістан облысының әкімі Нұралхан Оралбайұлы бұл бастаманың Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың аймақтарда этносаралық татулықты нығайту және «Достық» үйлерін көбейту жөніндегі тапсырмасы аясында жүзеге асқанын атап өтті.
— «Құрметті қарнақтықтар! Баршаңызды тарихи Қарнақ ауылындағы жаңа 300 орындық «Достық» үйінің ашылуымен шын жүректен құттықтаймын! Түркістан облысында осы бағытта ауқымды жұмыстар жүріп жатыр. Қазақ руханияты мен ел бірлігін насихаттайтын мұндай орталықтардың маңызы зор. Қарнақта бой көтерген жаңа нысан – елдің рухани өмірін жандандырып, өнер мен мәдениеттің, бірлік пен татулықтың алтын ордасына айналады деп сенемін. Қарнақ ауылы – талай ғұлама мен дін қайраткерлерін тәрбиелеген тамыры терең мекен. Бүгін пайдалануға беріліп отырған «Достық» үйі жастардың өнерін шыңдайтын, ақсақалдар мен аналардың басын қосатын, түрлі мәдени-көпшілік шаралар өтетін берекелі мекен бола берсін. Барша құрылысшыларға ризашылығымды білдіремін. Жаңа нысан құтты болсын!» — деді облыс әкімі.
Қарнақ елді мекеніндегі «Достық үйі» заманауи сәулет талаптарына толық сай келеді және тұрғындардың мәдени-рухани демалысы үшін барлық жағдаймен қамтамасыз етілген. Ғимараттың басты көрсеткіштері жайында тарқатсақ, жалпы ауданы — 2844,71 шаршы метр, жобалық-сметалық құны -1 277,8 млн теңге, сыйымдылығы — 300 орындық көрермендер мен конференция залы болса, бас мердігер мекеме — «РСУ-1» ЖШС.
Ғимарат ішінде заманауи үн-дыбыс, жарық шағылыстыру құралдарымен жабдықталған концерттік зал, үйірме бөлмелері, кітапхана мен этномәдени бірлестіктерге арналған кабинаттар орналасқан. Жаңадан ашылған «Достық үйі» Қарнақ ауылының рухани өмірін жаңа белеске көтеріп, жастардың өнерін шыңдауға, этносаралық келісімді бекемдеуге және бұқаралық мәдени іс-шараларды жоғары деңгейде өткізуге кең жол ашатыны сөзсіз.

