Қоғамның рухани қауіпсіздігін нығайту, тұрғындарға ұсынылатын ақпараттың шынайылығы мен заңдылығын қамтамасыз ету және діни сауаттылықты арттыру – бүгінгі күннің маңызды міндеттерінің бірі. Осы бағытта 13-14 тамыз күндері Кентау қаласындағы кітапханалар қорында сақталған діни мазмұндағы әдебиеттерді зерделеу және олардың мазмұнына сараптамалық талдау жүргізу жұмыстары ұйымдастырылды.
Мазмұнды теологиялық және ағартушылық зерделеу шарасына Түркістан облысы Дін істері басқармасының «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің білікті мамандары мен «Кентау қалалық Руханият орталығы» КММ директоры Әділбек Қайырбеков арнайы қатысты. Жұмысшы топ қалалық кітапханалар жүйесінің негізгі ошақтарын аралап, кітап қорларындағы діни әдебиеттердің мазмұны мен бағыттарын толық сараптамадан өткізді.
Зерделеу жұмыстары қамтыған мекемелер тізімін сараласақ, Кентау қалалық Орталық кітапханасы, Орталық балалар кітапханасы және №1, №2, №3, №4, №6, №8 кітапхана-филиалдары. Басқосу мен сараптама барысында кітапхана қорындағы діни әдебиеттерді жіктеу, оқырмандарға ұсынылатын ақпараттың дұрыстығы мен өзектілігін қамтамасыз ету, сондай-ақ дәстүрлі Ислам мен ұлттық құндылықтарды насихаттайтын еңбектерді оқырмандар арасында кеңінен дәріптеу мәселелері қарастырылды. Арнайы мамандар кітапхана қызметкерлеріне діни әдебиеттермен жұмыс істеу, тыйым салынған немесе күмәнді материалдарды анықтау және оқырмандардың, әсіресе жастардың рухани сауаттылығын арттыру алгоритмдері бойынша әдістемелік кеңестер берді.
Кентауда өткізілген бұл зерделеу жұмыстары кітапхана қорындағы діни әдебиеттермен жүйелі түрде жұмыс жүргізуге, тұрғындар арасында теріс идеологиялардың таралуына жол бермеуге және қаланың рухани қауіпсіздігін арттыруға зор үлес қосады. Мұндай сараптамалық шаралар шаһардағы өзге де мәдениет пен білім беру ошақтарында тұрақты түрде жүргізіліп тұратын болады.

