Ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық салт-дәстүрді дәріптеу, бабалардан жеткен бай рухани мұрамызды жаңғырту және оны өскелең жас ұрпақтың бойына сіңіру – рухани жаңғыру мен ел болашағының берік тірегі. Осы орайда Кентау қалалық Орталық кітапханасында «Ата дәстүрін ардақтау – әр азаматтың парызы» атты мазмұнды да тағылымды конференция өткізілді.
Ауқымды рухани-мәдени іс-шараға өңірдегі ақын-жазушылар, мәдениет саласының көрнекті өкілдері, зиялы қауым мен қала жастары қатысып, ата дәстүрдің бүгінгі заманауи қоғамдағы маңызы, ұлттық болмысты сақтау және ұрпақ тәрбиесіндегі рөлі төңірегінде салмақты ой-пікірлер ортаға салынды. Конференция шымылдығы арнайы ұйымдастырылған ұлттық жәдігерлер мен сирек кездесетін әдеби туындылар көрмесімен ашылды. Шараға жиналған қауым көрмені тамашалап, елге белгілі азаматтар мен зиялы тұлғалардың мазмұнды баяндамаларын тыңдады.
Басқосуда баяндама жасаған спикерлер «Әкелер мектебінің» төрағасы Әзізхан Сахов — «Ата дәстүрін ардақтау – әр азаматтың парызы» тақырыбында сөз сөйлеп, отбасылық тәрбие мен әкелер мектебінің жастарды отаншылдыққа баулудағы орнына тоқталды.
Жергілікті ақын, сазгер, ұстаз Жұпаркүл Бекшораева – «Дәстүр және қазіргі ұрпақ» баяндамасында салт-дәстүрдің заманауи жастар өмірімен сабақтастығын сараптады.Ал, ақын-жазушы, «Қала жанашыры» төсбелгісінің иегері Мұхит Махажанов – «Бабадан қалған бата» тақырыбында ой қозғап, халқымыздың бата беру дәстүрі мен рухани ұғымдарының терең мәнін ашып берді. Сондай-ақ ақын-жазушы, «Қала жанашыры» төсбелгісінің иегері Әділбек Қайырбеков – «Ата дәстүр – ұлттың асыл қазынасы» тақырыбын өзектендіріп, ұлттық мұрамызды жат идеологиялардан қорғау және кеңінен насихаттау жолдарын баяндаса, тағылымды жиынды модератор Сабира Омарова шеберлікпен жүргізіп, салмақты қорытындылар жасады.
Бабалардан балаға жалғасып келе жатқан ұлттық салт-дәстүр – халқымыздың рухани өзегі мен бірегей болмысының айшықты белгісі. Оны көздің қарашығындай сақтау, заман талабына сай дәріптеу және келер ұрпаққа аманаттап тапсыру – баршамызға ортақ азаматтық міндет. Ия, Кентау қалалық Орталық кітапханасында өткен бұл конференция қала тұрғындары мен жастарына рухани серпіліс сыйлады. Шаһарда ұлттық мұраны ұлықтауға бағытталған мұндай мәдени-ағартушылық іс-шаралар алдағы уақытта да тұрақты түрде өз жалғасын табады деген сенімдеміз.

