Қоғамдық тұрақтылықты нығайту, деструктивті идеологиялардың алдын алу және мемлекеттік қызметшілердің діни әрі құқықтық сауаттылығын арттыру бағытында Кентау шаһарында жүйелі ағартушылық жұмыстар жүргізіліп келеді. Осы орайда Кентау қалалық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі мен Кентау қалалық жер қатынастары бөлімінің қызметкерлерімен қоғамның рухани қауіпсіздігін нығайтуға бағытталған мазмұнды ақпараттық-түсіндіру кездесуі өтті.
Жиынның басты мақсаты – жергілікті атқарушы орган қызметкерлері арасында дәстүрлі рухани-адамгершілік құндылықтарды дәріптеу, діни ахуалдың тұрақтылығын қамтамасыз ету және жат ағымдардың ықпалына қарсы ақпараттық иммунитет қалыптастыру болып табылады. Ауқымды ағартушылық іс-шараға облыстық және қалалық деңгейдегі білікті теолог мамандар арнайы қатысып, қатысушыларға сараптамалық түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Кентау қалалық Руханият орталығы» КММ-нің теолог маманы М.Шермухамбет, Түркістан облысы Дін істері басқармасының «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің теолог маманы Н.Дүйсебай қатысып, кездесу барысында спикерлер мемлекеттік қызметшілерге ұлттық құндылықтарды насихаттау, деструктивті діни ағымдардың қоғамға тигізер зиянының алдын алу, ғаламтордағы ақпараттық қауіпсіздік пен діни сауаттылықты арттыру мәселелерін кеңінен талқылады.
Мамандар өз сөздерінде қоғамдағы бейбітшілік пен ұлтаралық, конфессияаралық келісімді сақтауда әрбір азаматтың, соның ішінде мемлекеттік қызметшілердің жауапкершілігі өте жоғары екенін ерекше атап өтті. Сонымен қатар халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрлі Ислам мен ұлттық салт-дәстүрлерін дәріптеудің маңызы сөз болды. Әсіресе, интернет пен әлеуметтік желілердегі жалған діни уағыздар мен арандатушылық материалдарды ажырата білу үшін азаматтардың сыни ойлау қабілетін дамыту және діни ақпараттарды тек ресми, жаңды тіркелген діни бірлестіктер мен теологтардан алу мәдениеті талқыланды.
Басқосу соңында қатысушылар тарапынан қойылған көкейкесті сұрақтарға білікті теологтар тарапынан нақты әрі тұщымды жауаптар беріліп, пайдалы ақпараттық буклеттер ұсынылды. Кентау қаласында рухани қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған мұндай кездесулер өзге де мекемелер мен бөлімдерде тұрақты түрде өтеді.

