Жаңа оқу жылының басталуы қарсаңында жасөспірімдер арасында құқық бұзушылықтың алдын алу, мектеп қабырғасы мен ауыл ішінде жайлы да қауіпсіз орта қалыптастыру, сондай-ақ өскелең ұрпақты ұлттық құндылықтар негізінде тәрбиелеу – білім беру мен қоғамдық ұйымдардың басты міндеті. Осы орайда Хантағы ауылында «Қауіпсіз мектеп – қауіпсіз орта» тақырыбында мазмұнды ақпараттық-түсіндіру кездесуі өткізілді.
Алқалы басқосуды «Кентау қалалық Руханият орталығы» КММ директоры Әділбек Қайырбеков модератор ретінде жүргізіп, бала тәрбиесінде ұлттық мұра мен заңдылықты сақтаудың маңызына тоқталды. Кездесу барысында жасөспірімдер тәрбиесі, құқықтық сауаттылықты арттыру, буллинг пен құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша жауапты мекеме басшылары сөз сөйледі. Кентау қаласы әкімінің орынбасары Бауыржан Әбенұлы -жасөспірімдер арасындағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуде мемлекеттік органдар, мектеп пен отбасының бірлескен жүйелі жұмысының маңыздылығын атап өтті. Кентау қалалық білім бөлімінің психология саласының әдіскері Замира Нұрдәулетқызы — оқушылардың психологиялық саулығы, мектептегі тәрбие процесін ұйымдастыру және психологиялық қолдау көрсету жолдарын түсіндірді. Кентау қалалық полиция бөлімінің қоғамдық қауіпсіздік және кәмелетке толмағандардың ісі жөніндегі бөлім бастығы, полиция майоры Жанболат Ахметов — жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу шаралары, құқықтық жауапкершілік және түнгі уақыттағы рейдтік бақылаулар жайын баяндады.
Кездесудің ерекше рухани сәті – ауылдың ардақты ақсақалдары мен әжелерінің сөз сөйлеп, жастарға ақыл-кеңестерін айтуы болды. Хантағы ауылы әжелер алқасының төрайымы Диляра Асылбекова мен Хантағы ауылы ақсақалдар кеңесінің төрағасы Әділбек Рүстем ұлттық тәрбиенің терең тамырына тоқталды. Аға буын өкілдері жас ұрпақты үлкенді сыйлауға, отансүйгіштікке, салт-дәстүрді құрметтеуге және бойына адамгершілік асыл қасиеттерді сіңіруге шақырды.
Басқосуда бала тәрбиелеудегі үштік одақ – отбасы, мектеп және қоғамның өзара жауапкершілігі кеңінен талқыланды. Жиын соңында қатысушылар арасында қызу пікір алмасып, сұрақ-жауап кезеңі ұйымдастырылды. Ұлттық құндылықты бойына сіңірген, заңды сыйлайтын ұрпақ – елдің берік болашағы екені айқын. Хантағы ауылында өткен бұл танымдық жиын жасөспірімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және рухани-адамгершілік тәрбиесін нығайтуға зор үлес қосты.

