Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қоғамдық тұрақтылықты нығайту және халықтың діни сауаттылығын арттыру жөніндегі тапсырмалары – елдің ішкі қауіпсіздігі мен бірлігін сақтаудың негізгі тетігі болып табылады.
Президенттің басты талаптарының бірі – елде заң үстемдігін орнату. Діни қызмет саласында да кез келген әрекет тек заң аясында жүзеге асырылуы тиіс. Сондай-ақ діни экстремизімнің алдын алудағы маңызды бағыттарының бірі – халықтың діни және құқықтық сауатын көтеру. Өйткені интернеттен алынған кез келген ақпаратты діни ақиқат ретінде қабылдау, діни ұғымдарды үстірт түсіну немесе радикалды идеяларды насихаттайтын ресурстарға тап болу әсіресе жастар үшін белгілі бір қауіп тудыруы мүмкін.
Қоғамдық тұрақтылықты нығайту, діни, құқықтық және ақпараттық сауаттылықты арттыру, сондай-ақ деструктивті идеологияларға қарсы ұжымдық иммунитет қалыптастыру – бүгінгі күннің басты міндеттерінің бірі. Осыған байланысты Кентау қаласында мемлекеттік құрылымдар мен азаматтық қоғам өкілдерінің, білім беру саласы қызметкерлері мен ардагерлердің қатысуымен кең көлемді ақпараттық-түсіндіру кездесуі ұйымдастырылды.
Ауқымды жиынды Кентау қаласы әкімдігінің «Кентау қалалық ішкі саясат бөлімі» КММ басшысы Жалғасбек Жақаев модератор ретінде жүргізіп, басқосудың қоғамдық-саяси маңызына тоқталды. Маңызды іс-шараға Кентау шаһарының барлық әлеуметтік және институционалдық құрылымдарының өкілдері толық жұмылдырылды. Мемлекеттік және азаматтық қызметшілер, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, жергілікті аумақтық басқарма басшылары, қалалық мәслихат депутаттары, қоғамдық кеңес мүшелері, ардагерлер ұйымы, ақсақалдар, әжелер және Аналар кеңесінің өкілдері және білім беру және мектепке дейінгі ұйымдардың қызметкерлері, сондай-ақ қала жастары қатысты.
Кездесуге Түркістан облысының Дін істері басқармасы мен «Дін мәселелерін зерттеу орталығының» білікті басшылары мен теолог мамандары арнайы қатысып, қатысушыларға сараптамалық түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Жиында Түркістан облысы Дін істері басқармасының басшысы — Рустем Сабыржанұлы,Түркістан облысы Дін істері басқармасы «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ директоры — Медет Халықов, Орталықтың бөлім басшысы — Қайрат Салықбаев, білікті теолог маман — Нұргелді Дүйсебай сөз сөйлеп, тақырып аумағында кеңінен талқылады.
Басқосу барысында мемлекетіміздің конституциялық зайырлылық қағидаттарын дұрыс түсіну, ғаламтор кеңістігіндегі ақпараттарды сын тұрғысынан қабылдау мен медиасауаттылықты арттыру мәселелері кеңінен талқыланды. Сонымен қатар деструктивті діни идеялардың белгілерін ерте анықтау және тұрғындардың, әсіресе жастардың жат ағымдар ықпалына түсуінің алдын алу жолдары сарапталды.
Жиында қоғамның түрлі әлеуметтік топтарымен жұмыс жүргізуде құқықтық жауапкершілікті арттыру, өскелең ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеу, ұлттық құндылықтарды, салт-дәстүрді дәріптеу және қоғамдық тұрақтылықты сақтау мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Кездесу соңында еркін пікір алмасу ұйымдастырылып, қатысушылар өздерін қызықтырған сауалдарына облыстық сарапшылардан тұщымды әрі кәсіби жауаптар алды. Кентауда өткен бұл ауқымды ағартушылық жиын шаһардағы рухани келісімді, құқықтық сауаттылықты және тұрақтылықты нығайтуға зор үлес қосады.

