Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өскелең ұрпақтың бойында дұрыс діни түсінік қалыптастыру және жат ағымдардан қорғау мәселесін ұлттық қауіпсіздік пен рухани тұтастықтың маңызды бағыты ретінде бірнеше рет Ұлттық құрылтай мен алқалы жиындарда кеңінен қозғап келеді. Мемлекет басшысының бұл бағыттағы тапсырмалары жастардың радикалды идеологияларға еріп кетпеуін қамтамасыз етуге және дәстүрлі құндылықтарды нығайтуға негізделген.
Жастар арасында дұрыс діни түсінік қалыптастыру, деструктивті идеологиялардың таралуына жол бермеу, сондай-ақ студенттер мен оқытушылардың құқықтық әрі ақпараттық сауаттылығын арттыру – бүгінгі қоғамдық тұрақтылықтың басты кепілі. Осы орайда Кентау көпсалалы колледжінде облыстық және қалалық деңгейдегі білікті мамандардың қатысуымен мазмұнды ақпараттық-түсіндіру кездесуі ұйымдастырылды. Алқалы жиынды Кентау қаласы әкімдігінің «Кентау қалалық ішкі саясат бөлімі» КММ басшысы Жалғасбек Жақаев жүргізіп, кездесудің негізгі мақсаты мен жастар тәрбиесіндегі маңызына тоқталды. Кездесуге Түркістан облысының Дін істері басқармасы мен «Дін мәселелерін зерттеу орталығының» білікті басшылары мен теолог мамандары арнайы қатысып, студенттер мен оқытушылар құрамына маңызды да сараптамалық ақпараттар берді.
Жиында сөз сөйлеген облыстық өкілдер, Түркістан облысы Дін істері басқармасының басшысы — Рустем Сабыржанұлы,Түркістан облысы Дін істері басқармасы «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ директоры — Медет Халықов, Орталықтың бөлім басшысы — Қайрат Салықбаев, білікті теолог маман — Нұргелді Дүйсебай.
Басқосу барысында спикерлер мемлекетіміздің конституциялық зайырлылық қағидаттарын дұрыс түсіну, ғаламтор мен әлеуметтік желілердегі діни ақпараттарды саралау және күмәнді дереккөздерден сақтану жолдарын жан-жақты түсіндірді. Сонымен бірге деструктивті діни идеялардың алғашқы белгілерін ерте байқау, жат ағымдардың психологиялық арбау әдістеріне қарсы иммунитет қалыптастыру сияқты өзекті мәселелер кеңінен сарапталды. Шара барысында тек діни сауаттылық қана емес, сонымен бірге жастарды Отансүйгіштікке, азаматтық жауапкершілікке, ұлттық құндылықтар мен салт-дәстүрді құрметтеуге, қоғамдағы конфессияаралық тұрақтылық пен ұлтаралық татулықты сақтауға баулудың маңызы зор екені атап өтілді.
Кездесу соңында еркін пікір алмасу форматында ашық диалог өтіп, студенттер мен оқытушылар өздерін толғандырған сауалдарын қойып, облыстық мамандардан кәсіби тұрғыда тұщымды жауаптар алды.
Кентау көпсалалы колледжінде өткен бұл ауқымды ағартушылық жиын жастардың діни, құқықтық және медиасауаттылығын арттыруға зор септігін тигізді. Жастарды жат идеологиялардан қорғау – мемлекеттің ұлттық қауіпсіздігі мен қоғамның рухани тұтастығын сақтаудың ең басты шарты болғандықтан, мектеп пен колледж, университет қабырғасында жастарды кез келген ақпаратты талдауға, оның шынайылығын тексеруге және соқыр сенімге ермеуге баулу. Өйткені, санасы ашық, білімді жас ешқашан радикалды уағызға оңайалданбайды. Сондықтан да, Кентаулық колледж жастарының бойында дәстүрлі ислам мен қазақ халқының салт-санасының үндестігін нығайтуға бағытталған мұндай кездесулер шаһардағы өзге де оқу орындарында тұрақты түрде өз жалғасын табатын болады.

