Жастардың бойында ұлттық сана-сезімді қалыптастыру, төл тарихымыз бен әдет-ғұрыптарымызды ұлықтау және рухани сабақтастықты нығайту – бүгінгі қоғамдық дамудың басты тірегі. Осы орайда 9 қыркүйек күні Кентау шаһарындағы 7 арнаулы орта оқу орнының студенттерімен мазмұнды әрі танымдық кездесу ұйымдастырылды.
Ауқымды ағартушылық іс-шараға «Кентау қалалық Руханият орталығы» КММ-нің ұлттық құндылықтарды насихаттаушы мамандары Б.Самбетов пен Г.Қаныбек, Түркістан облысы Қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ-нің Кентау қалалық филиалының басшысы Б.Әшірбаев және «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің жастар инспекторы А.Керімбаев арнайы қатысып, студенттермен ашық сухбат жүргізді. Басқосу барысында спикерлер студенттерге ұлттық болмысты сақтау, ата-бабадан жеткен салт-дәстүр мен әдет-ғұрыптардың заманауи қоғамдағы маңызы төңірегінде терең түсіндірмелер берді.
Кездесуде сарапталған негізгі бағыттар ұлттық болмыс мен руханият тақырыбында өрбіп, ғасырлар бойы сұрыпталған асыл қасиеттерді бойға сіңіру, отбасылық тәрбие, үлкенге құрмет пен кішіге ізет көрсету мәдениеті және түрлі этностар арасындағы достық пен ынтымақтастықты ұлттық құндылықтар арқылы нығайту сөз болды.
Студенттер де өз кезегінде белсенділік танытып, ұлттық құндылықтарды заманауи жастар арасында кеңінен насихаттау, әлеуметтік желілерде патриоттық контентті көбейту бойынша өз ойлары мен ұсыныстарын ортаға салды. Мазмұнды пікірталастан кейін шара соңында қатысушы студенттерге арнайы дайындалған тақырыптық ақпараттық-түсіндіру буклеттері мен материалдары таратылды.
Ұлттық құндылықты дәріптеу — өскелең ұрпаққа өнеге, ел болашағына айқын бағыт. Қалалық «Руханият орталығы» мен жастар ұйымдарының бұл бірлескен бастамасы кентаулық студенттердің отаншылдық рухын көтеріп, сапалы азамат болып қалыптасуына зор ықпал етеді. Мұндай танымдық кездесулер шаһардың білім беру мекемелерінде тұрақты түрде өз жалғасын табатын болады.

