Жастар арасында деструктивті идеологиялардың таралуына жол бермеу, діни сауаттылық пен құқықтық мәдениетті арттыру – бүгінгі қоғамдағы ең өзекті бағыттардың бірі. Осы орайда Кентау қаласындағы Арнаулы кәсіптік колледжінде білім алушы студенттермен мазмұнды ақпараттық-түсіндіру кездесуі ұйымдастырылды.
Алқалы басқосуға «Кентау қалалық Руханият орталығы» КММ-нің білікті теолог мамандары Ш.Нұрулла мен М.Шермухамбет, сондай-ақ Кентау қалалық полиция бөлімі Криминалдық полиция бөлімшесінің жедел уәкілі, полиция аға лейтенанты Е.Алғабай арнайы қатысты. Кездесу барысында сала мамандары мен құқық қорғау органдарының өкілдері студенттерге жат ағымдардың арбауынан сақтану, ғаламтор кеңістігіндегі ақпараттық қауіпсіздік және заң талаптарын сақтау төңірегінде терең түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Жиында сарапталған негізгі тақырыптар бағытында дінге қатысты ақпаратты тек ресми, дәстүрлі бағыттағы ресурстардан алудың маңыздылығы мен деструктивті діни топтардың арбау әдістерін танып-білу және оларға қарсы ақпараттық иммунитет қалыптастыру. Заңсыз діни әдебиеттер мен материалдарды таратпау, заң талаптары мен қоғамдық тәртіпті сақтау және әлеуметтік желілердегі күмәнді топтар мен виртуалды шақырулардан сақтану жолдары айтылды.
Шара соңында студенттер өздерін толғандырған өзекті сауалдарын қойып, теологтар мен полиция өкілінен кәсіби деңгейде тұщымды жауаптар алды. Ашық диалог форматында өткен бұл кездесу жастарға ой салып, құқықтық пен діни сауаттылықты арттыруға зор мүмкіндік берді.
Арнаулы кәсіптік колледжінде өткен бұл ақпараттық-түсіндіру жиыны жастарды теріс идеологиялық ықпалдардан қорғауға және олардың бойында сергек азаматтық ұстанымды қалыптастыруға бағытталған. Қалалық «Руханият орталығы» мен құқық қорғау құрылымдарының мұндай алдын алу шаралары шаһардағы өзге де арнаулы және жоғары оқу орындарында тұрақты түрде өз жалғасын табады.

