Ұлттық спортты ұлықтау, салауатты өмір салтын насихаттау және дін қызметкерлері арасындағы ынтымақтастық пен рухани бірлікті нығайту бағытында Кентау шаһарында ауқымды спорттық шара бой көтерді. «Кентау қалалық Руханият орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен Түркістан облысы дін қызметкерлері арасында қазақ күресінен «РУХАНИЯТ БАРЫСЫ — 2026» облыстық турнирі жоғары деңгейде болып өтті.
Турнирдің негізгі мақсаты — ұлттық құндылықтарды дәріптеу, өскелең ұрпақты қазақ күресімен шұғылдануға тарту арқылы олардың бойында отансүйгіштік сезімді қалыптастыру, төл күресіміздің мәртебесін көтеріп, жастарды салауаттылыққа баулу және ұлттық рухты шыңдау болып табылады. Дәстүрлі спортты дәріптеген бұл бәсекеге Түркістан облысының әр өңірінен келген дін қызметкерлері қатысып, бозкілемде өзара бақ сынасты.
Ашылу салтанатында, Кентау қалалық Руханият орталығы» КММ-нің директоры Қанат Бекметов және Кентау қалалық Орталық мешітінің бас имамы Ғалымжан Айекеев құттықтау сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік пен әділ бәсеке тіледі. Жарыстың әділ әрі жоғары кәсіби деңгейде өтуін қазақ күресінен Халықаралық дәрежедегі төреші Самат Арғынбаев бақылап, қазылық етті.
Турнир барысында балуандар тек дене күші мен әдіс-тәсілдерді ғана емес, сонымен бірге өзара сыйластық пен биік рухани мәдениеттің жарқын үлгісін көрсетті. Тартысты да кескілескен белдесулердің қорытындысы бойынша бозкілем үздіктері анықталып, жүлделі орындар төмендегідей бөлінді. І орынды турнир жеңімпазы Нажмиддин Хавасов – Жетісай ауданы, Жаңа ауыл, «Мұсылман» мешіті, ІІ орынды Бағдат Кариев – Кентау қалалық Орталық мешіті, ІІІ орынды Анарбек Жақсыбаев – Кентау қаласы, «Әмина» мешіті қанжығаларына байлады.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді марапаттау рәсімін Кентау қаласы әкімінің орынбасары Бауыржан Әбенұлы салтанатты түрде жүргізіп, арнайы дипломдар, медальдар мен кубоктарды табыс етті. Ұлттық мұраны ұлықтап, салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған бұл ауқымды іс-шара көрермендерге ерекше рух пен ұмытылмас әсер сыйлады. Кентауда бастау алған «Руханият барысы» турнирі алдағы уақытта да дәстүрлі түрде өз жалғасын табатыны сөзсіз.

