Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің бағдарламалық сөздерінде, Ұлттық құрылтай отырыстарында Әлемдіе және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съездерінде және халыққа Жолдауларында қоғамдық-саяси тұрақтылықты сақтауды, дәстүрлі ислам құндылықтары мен ұлттық бірегейлікті дәріптеуді мемлекеттің басты стратегиялық бағыты ретінде айқындады.
Президент дін мен дәстүрді бір-біріне қарсы қоймай, керісінше, олардың үйлесімін сақтау керектігін үнемі алға тартады. «Зайырлылық дінді жоққа шығармайды, сол сияқты ұлттық құндылықтардан бас тартуды да талап етпейді. Ислам діні қазақ халқының дүниетанымы мен тұрмыс-тіршілігіне етене сіңген. Біз дін мен дәстүрді ұлттық бірегейлігіміздің мызғымас тірегі деп білеміз»,- деп айтқан болатын. Осы ретте Кентау қаласында қоғамдық-саяси тұрақтылықты сақтау, дәстүрлі діни өркениет пен ұлттық құндылықтарды дәріптеу, сондай-ақ жастар арасында отансүйгіштік қасиеттерді баулу бағытында кешенді жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Осы орайда Кентау қаласы әкімдігінің Ішкі саясат бөліміне қарасты «Кентау қалалық Руханият орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директоры Әділбек Алиакбарұлы Қайырбеков ағымдағы жылы атқарылған ауқымды жұмыстары жайында әңгіме қозғады. Атап айтқанда, бүгінгі таңда «Руханият орталығының» қызметі негізгі 6 басты бағытты қамтиды. Мәселен, салт-дәстүрді жаңғырту, ұлттық тәрбие, зайырлылық қағидаттарын орнықтыру, деструктивті ағым өкілдерімен оңалту жұмыстары, дәстүрлі дінді насихаттау және Отанды сүюге баулу.
Шаһардағы діни ахуалдың тұрақтылығы мен діни бірлестіктердің заңды қызмет етуі тұрақты бақылауда. Қазіргі таңда Кентау қаласы аумағында тұрғындарға рухани қызмет көрсететін 13 мешіт және 17 намазхана мен 3 христиандық бағыттағы шіркеу заңнама талаптарына сай жұмыс жасауда.
Түркістан облыстық Дін істері басқармасының келісімімен бекітілген 2026 жылға арналған стратегиялық жоспар аясында біршама ауқымды көрсеткіштерге қол жеткізіліп, дін саласы бойынша онға жуық ірі қалалық шара өткізілген. Жылдық жоспар бойынша 86 кездесу өткізу көзделсе, нақты орындалғаны 116 кездесуге жетті. Себебі, оның ішінде 30 кездесу жоспардан тыс, тұрғындар мен жастардың сұранысы бойынша ұйымдастырылған.
Қоғамдық сананы жаңғырту мен ғаламтор кеңістігінде деструктивті идеологияларға қарсы ақпараттық иммунитет қалыптастыру мақсатында медиа жоспар сәтті жүзеге асырылды. Ақпараттық-насихаттық жұмыстар аясында, әлеуметтік желілерде 66 сараптамалық мақала жарық көрсе, жалпы 35 бейнеролик әзірленген. Сонымен қатар, мекеме мамандары мен арнайы «Дәстүр» студиясына шақырылған білікті теологтар мен ғалымдардың қатысуымен 1–2 минуттық 20 сұхбат-бейнеролик түсіріліп, желіде кеңінен таратылды.
Тарқатып айтсақ, аталмыш орталық 2024 жылғы 26 наурызда құрылған және Түркістан облысы бойынша бірегей мекеме болып табылады. Мекеменің басты мақсаты – Кентау қаласы мен оған қарасты ауылдарда руханият, дін мәселесі мен ұлттық салт-дәстүрді үйлестіре дамыту. Бүгінгі таңда «Кентау қалалық Руханият орталығының» жүйелі жұмыстары қала тұрғындарының құқықтық әрі діни сауаттылығын арттыруға, дәстүрлі құндылықтарды сақтауға және рухани келісімді нығайтуға зор үлес қосып келеді.

