«Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы 2025-2026 оқу жылында мектеп оқушыларына арналған бірнеше ірі республикалық және халықаралық зияткерлік сайыстар мен олимпиадаларды өткізіп келедғ. Бұл шаралардың негізгі мақсаты – дарынды балаларды анықтау, олардың ғылыми әлеуетін дамыту және халықаралық додаларда ел намысын қорғайтын ұлттық құраманы жасақтау болып табылады.
Жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиадаға Кентау қаласының өрендері тұрақты қатысып келеді. Шаһарға қарасты елді мекендерде білім сапасын арттыру, ауыл мектептерінің әлеуетін көтеру және дарынды оқушыларды қолдау бағытындағы жүйелі жұмыстар тарихи жеңіспен айшықталды. «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы ұйымдастырған 2025–2026 оқу жылына арналған ауыл мектептері оқушыларының республикалық олимпиадасының қорытынды рейтингі жарияланып, Кентау білімі республика биігінен көрсінді.
Республика бойынша 125 мыңнан астам оқушы қатысқан төрт кезеңнен тұратын білім додасының нәтижесінде Кентау қаласына қарасты Қарнақ ауылындағы Махмұд Қашғари атындағы мектеп-лицейі ең жоғары ұпай жинап, республика бойынша І орынға ие болды. Осылайша іргелі білім ордасы «Ең үздік ауыл мектебі» номинациясын жеңіп алды.
Ауыл мектептері арасындағы республикалық олимпиада – алыс елді мекендердегі дарынды оқушыларды анықтауға, олардың зияткерлік әлеуетін дамытуға, пәндік білімін тереңдетуге және қала мен ауыл арасындағы білім сапасының алшақтығын азайтуға бағытталған ең маңызды стратегиялық білім жобаларының бірі.
Кентау қаласына қарасты Қарнақ ауылындағы Махмұд Қашғари атындағы мектеп-лицейінің олимпиадалардағы ең үлкен жетістігі – республикалық ауыл мектептері арасындағы олимпиадада ең жоғарғы ұпай жинап, республика бойынша 1 орынды иеленуі және «Ең үздік» ауыл мектебі атанып, биік асуды бағындыруы зор жетістік. Аталмыш оқу ордасындағы мектеп ұстаздарының біліктілігі мен сапалы дайындық әдістемесі, оқушыларды олимпиадалар мен зияткерлік сайыстарға жыл бойы үзіліссіз баптауымен қатар, жас өрендердің білімге деген құштарлығы мен табанды еңбегінің нәтижесі.
Қарнақ ауылындағы мектеп-лицейінің республика көлемінде топ жаруы – Кентау қаласының білім саласындағы интеллектуалды әлеуетінің қарқынды түрде артып келе жатқанын айқын дәлелдейді. Бұл нәтиже сонымен қатар өңірде білім беру инфрақұрылымын жақсарту мен сапаны көтеру бағытында жүзеге асырылып жатқан реформалардың нақты жемісін көрсетті.
Республикада дараланып, Кентау шаһарының абыройын асқақтатқан М. Қашғари атындағы мектеп-лицейінің ұжымын, оқушылары мен ұстаздарын жарқын жеңісімен шынайылықпен құттықтап, ауыл мектебінің бұл жетістігі – еліміздің білім саласы үшін үлкен мақтаныш екені сөзсіз.

