Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өскелең ұрпаққа экологиялық тәрбие беру мен жаңа экологиялық мәдениетті қалыптастырудың маңыздылығын өз сөздерінде жиі атап өтеді. Президенттің айтуынша, экологиялық мәдениетті қалыпастыруды мектеп қабырғасынан, тіпті бала кезден бастау керек. Плогтинг балаларға тек теориялық білім беріп қоймай, іс жүзінде табиғатты аялауды үйретеді. Балалар қоршаған ортаның тазалығына өздерінің тікелей жауапты екенін сезінеді.
«Тазалықтың тірегі – тәрбие. Балаларды экологиялық мәдениет пен еңбекке мектеп жасынан баулу қажет. Сондықтан экологиялық акцияларға оқушылар мен студенттердің белсене қатысқаны жөн. Осыған орай, Оқу-ағарту министірлігіне «Жасыл сабақтар» жобасын қабылдауды тапсырамын. Білім ордаларында суды және қуат көзін үнемдеу, қоршаған ортаны қорғау ісін дәріптейтін бастамаларды қолға алу қажет»,- деген болатын Мемлекет басшысы.
Осы орайда, Кентау қаласында Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасы аясындағы тазалық және абаттандыру жұмыстары жүйелі түрде жалғасып келеді. Қоршаған ортаны таза ұстау мәдениетін қалыптастыруға бағытталған игі бастамаларға қала тұрғындары, жастар мен еріктілер белсенді түрде атсалысуда.
Бұл бағыттағы кезекті іс-шара ретінде қалалық «Жастар ресурстық орталығының» ұйымдастыруымен көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларында балалар арасында «Плоггинг» экологиялық акциясы ұйымдастырылды. Плоггинг – белсенді дене шынықтыруды, жүгіруді қоршаған ортаны тұрмыстық қалдықтардан тазартумен ұштастыратын заманауи экологиялық қозғалыс. Акция барысында кентаулық кішкентай тұрғындар жарыса жүріп, тұрғын үй аулаларындағы күл-қоқыстарды жинап, тазалық жұмыстарын жоғары деңгейде жүргізді.
Бұл бастаманың басты басымдықтары өскелең ұрпақтың бойында туған қалаға, табиғатқа деген сүйіспеншілікті арттырып, қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау мәдениетін қалыптастыру. Сондай-ақ, қозғалыс пен физикалық белсенділікті қоғамға пайдалы игі іспен ұштастыру және кішкентай тұрғындардың бос уақытын тиімді, танымдық әрі қызықты форматта ұйымдастыру.
Экологиялық акция соңында табиғатты қорғауға және аула тазалығына ерекше үлес қосқан, белсенділік танытқан балаларға арнайы сыйлықтар табысталып, жазғы аптапта сергітетін балмұздақтар үлестірілді. Мұндай ынталандыру шаралары бүлдіршіндерге ерекше қуаныш сыйлап, олардың экологиялық акцияларға деген қызығушылығын арттыра түсті.
Таза әрі көрікті қала қалыптастыру – әрбір кентаулықтың ортақ азаматтық міндеті. Осы бағыттағы экологиялық және тазалық іс-шаралары Кентау қаласында алдағы уақытта да тұрақты түрде өз жалғасын табатын болады.

