Кентау шаһарында заманауи білім беруді дамыту, оқушылардың инженерлік-техникалық дағдыларын шыңдау және STEM бағытын ілгерілету жолындағы жүйелі жұмыстар халықаралық деңгейдегі жеңістерге жол ашуда. Қаламыздың дарынды оқушылары республикалық робототехника жарысында үздіктер қатарынан көрініп, халықаралық чемпионатқа ресми жолдама жеңіп алды.
Алматы қаласында өткен WRO Almaty 2026 республикалық турнирінде кентаулық жас өнертапқыштар жоғары дайындықтарын дәлелдеп, RoboMission Elementary санаты бойынша жүлделі ІІ орынды иеленді. Бұл жеңіс оларға 2026 жылғы 25–27 қыркүйек аралығында Үндістан Республикасында өтетін WRO India Open Championship 2026 халықаралық чемпионатына қатысуға мүмкіндік берді. Ел намысын халықаралық аренада қорғайтын жас дарындардың тізімі. Атап айтқанда, Жақсылықов Хақназар – №22 М.Әуезов атындағы жалпы білім беретін мектептің 6-сынып оқушысы, Әбдіхалық Дулат – №14 жалпы білім беретін мектептің 6-сынып оқушысы, команда жетекшісі – Тәшімов Алмас Төреханұлы.
Дарынды оқушылардың бұл жетістігі – қала жастарының білім, IT және заманауи технологияларға деген зор қызығушылығының, сонымен бірге өңірде робототехниканы дамыту бағытында атқарылып жатқан тиянақты жұмыстардың заңды нәтижесі.
Кентау қаласының әкімдігі жас өнертапқыштарды, олардың ата-аналары мен жетекшісі Алмас Тәшімовті айтулы білім асуын бағындыруымен арнайы құттықтады. Қала басшылығы өрендердің Үндістанда өткізілетін халықаралық чемпионатта еліміздің көк Туын биіктен желбіретуіне шын жүректен тілектестік білдірді. Кентаудың дарынды да ізденімпаз жастары – Егемен Қазақстанның жарқын болашағының берік кепілі және жас өрендерімізге халықаралық бәсекеде тек жеңіс пен биік белестерді бағындырары сөзсіз.

