Өскелең ұрпақтың бойында азаматтық жауапкершілік, заңға деген құрмет пен отансүйгіштік қасиеттерді қалыптастыру – оқу-тәрбие үдерісінің негізгі темірқазығы. Осы орайда Кентау қаласы білім бөліміне қарасты барлық жалпы білім беретін мектептерде ағымдағы жылдың 1 қыркүйек күні 1–11 сынып оқушылары арасында «Қазақстан Республикасының Конституциясы: Адал азамат, зерделі ұлт және жауапты қоғам қалыптастырудың негізі» тақырыбында бірыңғай сынып сағаттары өткізілді. Ауқымды шара жаңа оқу жылының алғашқы күнінен бастап жас өрендерге бағыт-бағдар беріп, олардың азаматтық ұстанымын айқындауға жол ашты.
Аталған бірыңғай сынып сағатының негізгі мақсаты – білім алушылардың терең білім алу, адал еңбек ету, заңды бұлжытпай орындау, қоршаған ортаға ұқыптылықпен қарау және белсенді азаматтық позицияны ұстану сияқты құндылықтардың мәнін терең ұғынуын қалыптастыру болып табылады. Тәрбиелік сабақтарда бұл қасиеттердің Егемен Қазақстанның орнықты дамуы мен әрбір азаматтың әл-ауқатының берік негізі екені оқушыларға жан-жақты түсіндірілді.
Сынып сағаттары барысында Конституцияға енгізілген жаңа өзгерістер мен толықтыруларды түсіндірумен қатар, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев белгілеп берген негізгі стратегиялық бағыттарға баса назар аударылды. Сабақтарда басты назар аударылған негізгі идеологемалар, оқушы бойында білімділікпен қатар моральдық, адамгершілік биік қасиеттерді дамыту. Құқықтық сауаттылықты арттырып, қоғамда тәртіп пен заңдылықты құрметтеу мәдениетін қалыптастыру. Экологиялық мәдениетті орнықтыру, туған жердің табиғатына, қоршаған ортаға ұқыптылықпен қарау. Оқу мәдениетін дамытуға, кітап оқуды басты әдетке айналдыруға және ұлттық құндылықтарды нығайтуға бағытталған басымдықтарды насихаттау.
Кентау қаласының білім беру мекемелерінде өткен бұл бірыңғай сынып сағаттары жас өрендерді білімге, адалдыққа және отаншылдыққа тәрбиелейтін мазмұнды жиынға айналды. Білімді ұрпақ – ел болашағының кепілі. Жаңа оқу жылы әрбір кентаулық оқушыға жарқын жетістіктер, білім асуларында биік белестер мен жаңа жеңістер әкелсін деген тілектеміз.

