Мектеп оқушыларының бойында құқықтық сауаттылықты, патриотизмді, адалдық пен азаматтық жауапкершілік құндылықтарын қалыптастыру – оқу-тәрбие үдерісінің басты межесі. Осы орайда 2026 жылғы 1 қыркүйек – Білім күніне орай Кентау қаласындағы Ә.Науаи атындағы №17 жалпы білім беретін мектепте «Қазақстан Республикасының Конституциясы – адал азамат, зерделі ұлт және жауапты қоғам қалыптастырудың негізі» тақырыбында барлық сыныптарда бірыңғай тәрбие сағаттары ұйымдастырылды.
Ауқымды шараның негізгі мақсаты – білім алушылардың Ата Заң туралы білімдерін тереңдету, Конституцияның мемлекет пен қоғам өміріндегі айрықша маңызын түсіндіру және елжанды ұрпақ тәрбиелеу болып табылады. Мерекелік күн аясында мектеп директоры Надиржон Саиткарімұлы Тұрсұнов пен Кентау қалалық білім бөлімінің әдістемелік кабинет меңгерушісі Айгүл Амангелдіқызы Мақұлбекова 1-сыныптарға арнайы кіріп, мектеп табалдырығын тұңғыш рет аттаған бүлдіршіндерді салтанатты түрде құттықтады. Қонақтар кішкентай өрендерге туған еліміздің ертеңгі тірегі болатын білімді де саналы азаматтар болып өсулеріне шын жүректен тілектестік білдірді.
Сынып сағаттары барысында ұстаздар Ата Заңның тәуелсіздігіміздің құқықтық тұғыры, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының басты кепілі екенін кеңінен түсіндірді. Тәрбие сағатында адам өмірі, ар-намысы мен қадір-қасиеті мемлекеттің басты құндылығы екендігі баса айтылды. Сондай-ақ, оқушылардың құқықтарымен қатар мектеп, отбасы және қоғам алдындағы міндеттері зерделенді. Заңды құрметтеу, қоғамдық тәртіпті сақтау, білімге адал болу, қоршаған ортаны қорғау және үлкенге құрмет, кішіге қамқорлық таныту сияқты асыл қасиеттер талқыланды. Тәрбие сағаттары оқушылардың жас ерекшеліктеріне сай интерактивті түрде ұйымдастырылды. Сыныптарда тақырыптық таныстырылымдар көрсетіліп, пікірталастар, сұрақ-жауап, топтық және шығармашылық тапсырмалар орындалды. Оқушылар өз деңгейлерінде белсенділік танытып, «Адал азамат деген кім?», «Жауапты қоғам қандай болуы керек?», «Мен елімнің дамуына қандай үлес қоса аламын?» сияқты маңызды сұрақтар төңірегінде ой сараптады. Жиын барысында адалдық, әділдік, отансүйгіштік, еңбекқорлық, білімге ұмтылу, заң мен тәртіпті құрметтеу сияқты негізгі азаматтық құндылықтарға ерекше басымдық берілді. Өйткені зерделі ұлттың қалыптасуы – сапалы білім мен саналы тәрбиеден, ал жауапты қоғам – әр азаматтың өз ісіне жауапкершілікпен қарауынан бастау алады. Тәрбие сағатының қорытындысында оқушылар Отанға деген сүйіспеншілік ең алдымен туған жерді құрметтеуден, терең білім алудан, адал еңбек етуден және заң талаптарын сақтаудан басталатынын терең ұғынды.
Конституцияны құрметтеу – мемлекетті құрметтеу. Өз құқығын біліп, міндетін адал атқаратын, білімді, еңбекқор әрі жауапкершілігі жоғары жас ұрпақ – Егемен Қазақстанның жарқын болашағының берік кепілі екені сөзсіз.

