Кентау қаласында аптап ыстық күндері шаһар тұрғындарына жайлы демалыс ортасын қалыптастыру және балалардың жазғы демалыс уақытын көңілді, мазмұнды өткізу мақсатында ұйымдастырылған арнайы су шашу мен ойын-сауық шаралары өз жалғасын табуда. Бұл жолғы мерекелік кеш қаланың басты жиын орны – «Ынтымақ» алаңында ерекше сән-салтанатпен және жоғары ұйымдастырушылық деңгейде болып өтті.
Шілде мен тамыздың аптап ыстығында кішкентай бүлдіршіндерге қуаныш сыйлаған бұл шараның басты ерекшелігі – балаларға арналған көбік шоуы мен арнайы су шашу бағдарламасы болды. Мерекелік кештің негізгі көркі — балаларға жаздың ыстық күнінде салқындық пен ерекше әсер қалдырды. Сондай-ақ, қалалық өнерпаздардың орындауындағы әуезді әндер мен билер жиналған халыққа көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Балалармен бірге келген ата-аналар да жазғы кештің қызықты сәттеріне куә болып, ризашылықтарын білдірді.
Айтулы мерекелік шараның жоғары деңгейде өтуіне жергілікті кәсіпкерлер де белсене атсалысып, әлеуметтік жауапкершілік танытты. Кәсіпкерлердің қолдауымен балалар арасында түрлі қызықты спорттық және логикалық сайыстар ұйымдастырылды. Ойындарға белсене қатысып, тапқырлық танытқан өрендерге арнайы сыйлықтар табыс етілді. Мерекелік көңіл-күйді еселей түсу мақсатында алаңдағы бүкіл балаға тегін балмұздақтар таратылды.
Жаздың аптап ыстығында салқындық пен шаттық сыйлаған бұл игі бастама кентаулықтардың жоғары ықыласына ие болды. Қала әкімдігі мен кәсіпкерлердің бірігіп ұйымдастырған мұндай бұқаралық демалыс шаралары алдағы уақытта да өз жалғасын табатын болады.

