Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұлы ойшыл Абай Құнанбайұлының мұрасын дәріптеуді мемлекеттік идеологияның басты бағыттарының бірі және ұлттық бірегейлікті нығайтудың негізі деп айқындады.
Президенттің пайымдауынша, Абайдың «Толық адам» ілімі мен қара сөздеріндегі тағылымдар қазіргі Қазақстанның құндылықтарымен толық үндеседі. Ақын насихаттаған білімпаздық, еңбекқорлық, жауапкершілік және әділеттілік қасиеттері бүгінгі «Адал Азамат», «Заң мен Тәртіп» және «Таза Қазақстан» жалпыұлттық идеяларының берік негізі болып табылады.
Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Абай күні Қазақстандағы ауқымды саяси өзгерістер кезеңімен тұспа-тұс келіп отырғанына назар аударды. Президент бұл өзгерістердің негізгі мақсаты – жасампаздық құндылықтарын қоғам санасына сіңіріп, елдің дамуына жаңа серпін беру екенін атап өтті. Сондықтан да, қазақ халқының ұлы ақыны, ойшылы, ағартушысы Абай Құнанбайұлының бай рухани мұрасын дәріптеу және оны заманауи білім беру үдерісімен ұштастыру – жас ұрпақ тәрбиесіндегі негізгі басымдықтардың бірі. Осы орайда Кентау қаласындағы Ә.Науаи атындағы №17 жалпы білім беретін мектепте 10 тамыз – Абай күніне орай «Абайтану: мұра және заманауи білім» тақырыбында тағылымды дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Ауқымды іс-шараға мектептің педагогикалық ұжымы түгелдей қатысып, ұлы ойшылдың тағылымын сарапқа салды. Дөңгелек үстелдің негізгі мақсаты – Хакім Абайдың рухани әрі әдеби мұрасын кеңінен насихаттау, ақын шығармаларындағы білім, ғылым, адал еңбек, әділеттілік, адамгершілік және «толық адам» идеяларының бүгінгі мектептегі оқу-тәрбие үдерісіндегі маңызын зерделеу болып табылады. Жиын барысында Абайдың ұлағатты сөздері мен ағартушылық идеялары қазіргі XXI ғасырдың құндылықтарымен тікелей сабақтастырыла талқыланды.
Салмақты жиында мектеп әкімшілігі мен мұғалімдері арнайы баяндама жасап, Абайтану ғылымы мен ақын мұрасын оқытудың тиімді жолдары туралы салмақты ой-пікірлерімен бөлісті. Мектеп директоры Надиржон Тұрсұнов – Абай сабақтастығының мемлекеттік білім саясатындағы және ұлттық тәрбиедегі орнына тоқталып, ақын мұрасының стратегиялық маңызын атап өтті. Директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Н.Абдуллаева – Хакім Абайдың ағартушылық көзқарастарын сабақ үдерісіне енгізу мен пәнаралық байланысты арттыру тетіктерін сөз етті. Директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Ш.Хамитова – ақын өлеңдері мен қара сөздеріндегі «толық адам» концепциясының мектептегі тәрбие сағаттарындағы рөліне тоқталды. Мектеп кітапханашысы М.Досметова – Абайтануға арналған әдебиеттер мен кітапханалық ақпараттық-танымдық ресурстардың қолжетімділігін таныстырды. Қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Д.Хайруллаева – Абай шығармашылығының тілдік көркемдігі мен оны оқушылар санасына сіңірудің педагогикалық әдіс-тәсілдерін баяндады.
Абай мұрасы – халқымыздың сарқылмас рухани қазынасы. Ақын шығармаларында көтерілген білімге ұмтылу, адал еңбек ету, талаптану, терең ойлау, қанағат пен рақымды бойға сіңіру секілді асыл қасиеттер бүгінгі ұрпақ тәрбиесінде де өзінің өзектілігін еш жоғалтқан жоқ. Ұлы ойшылдың өсиеті жас өрендерді білімді, саналы, еңбекқор әрі азаматтық жауапкершілігі мол тұлға болып қалыптасуға үндейді.
Дөңгелек үстел барысында педагогтер Абай мұрасын білім беру мен тәрбие үдерісінде тиімді пайдалану, оқушылардың ұлттық әдебиетке қызығушылығын арттыру және ақынның рухани құндылықтарын жас ұрпақ санасына сіңіру бағытында өзара пікір алысты.

