Ұлы ақын, хакім, қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушы Абай Құнанбайұлының туғанына 181 жыл толуына орай еліміз бойынша танымдық және рухани-ағартушылық іс-шаралар кеңінен өтуде. Осы айтулы датаға орай Кентау қаласындағы Әл-Фараби атындағы №14 мектеп-гимназиясының 9-сынып оқушылары «Абай мұрасы – халық қазынасы» тақырыбында мазмұнды челлендж ұйымдастырды. Жас өрендердің бұл бастамасы ұлы хакімнің бай рухани мұрасын насихаттауға, жастар арасында кітап оқуды және адамгершілік құндылықтарды дәріптеуге бағытталған.
Абай қазақ қоғамын ең алдымен ойлануға, өзін-өзі саралауға және ғылым-білімге ұмтылуға үйретті. Ғасырлар ауысқанымен, ақынның әрбір сөзі өзінің өзектілігін еш жоғалтқан жоқ. Бір буын оның өлеңдерінен білімге деген өшпес ұмтылыс пен еңбекқорлықты тапса, енді бір буын адамгершілік, биік парасаттылық пен әділеттілік туралы терең ой түйеді. Абайдың қара сөздерін оқыған әрбір адам өзінің ішкі жан дүниесіне, болмысы мен іс-әрекетіне қатысты терең сұрақтарға кезігіп, тура жолды табады.
Арада 181 жыл өтті. Қоғам түбегейлі өзгерді, цифрлық технологиялар қарыштап дамып, адамдардың өмір сүру салты мүлде басқа арнаға түсті. Дегенмен, заман қанша құбылғанымен, адам баласының білімге, әділеттілікке, еңбекке және өзін-өзі үздіксіз жетілдіруге деген рухани қажеттілігі өзгерген жоқ. Сондықтан Абай мұрасы – өткен тарихтың шаң басқан ескерткіші ғана емес, ол – бүгінгі XXI ғасырдың адамына да тура жол көрсететін, адаспас темірқазық пен рухани бағдар.
Әл-Фараби атындағы №14 мектеп-гимназиясының 9-сынып оқушылары «Абай мұрасы – халық қазынасы» челленджі барысында ұлы ақынның қара сөздерінен үзінділер оқып, даналыққа толы өлеңдерін мәнерлеп айтып, өздерінің ақын мұрасына деген шексіз құрметтерін білдірді. Бұл рухани эстафета жас ұрпақтың бойында отансүйгіштік пен парасаттылықты қалыптастырудың, ана тілі мен әдебиетке деген сүйіспеншілікті арттырудың жарқын үлгісіне айналды. Хакім Абайдың асыл сөзі – мәңгілік елдің таусылмас рухани қазынасы.

