Қоғамда құқықтық сауаттылықты арттыру, адалдық пен парасаттылық құндылықтарын дәріптеу және өскелең ұрпақ бойында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп келеді.
Осы орайда Кентау қаласының білім бөлімінің 2026 жылғы 11 тамыздағы №08-1-1-1391 хатына сәйкес қабылданған «Әртүрлі нысаналы топтар деңгейінде декомпозицияланған ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу жөніндегі 2026 жылға арналған бірлескен іс-шаралар» жоспарының 16-тармағын орындау мақсатында Ә. Науаи атындағы №17 жалпы білім беретін мектептің кітапханасында ауқымды кітап көрмесі ұйымдастырылды. Мазмұнды шараның басты мақсаты – білім алушылар мен педагогтер арасында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, заңдылық пен құқықтық сауаттылықты арттыру, қоғамда әділдік, жауапкершілік және адал еңбек қағидаттарын терең насихаттау.
Іс-шара барысында мектеп директоры Н.Тұрсұнов Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 2 ақпандағы №802 Жарлығымен бекітілген «Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының 2022–2026 жылдарға арналған тұжырымдамасына» ерекше тоқталып өтті. Сондай-ақ, әртүрлі нысаналы топтар арасында жүргізілетін ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының маңыздылығын атап өтіп, жемқорлықтың кез келген көрінісіне қарсы тұру және саналы мәдениет қалыптастыру әрбір азаматтың ортақ парызы екенін жеткізді.
Мектеп кітапханашысы М.Досметова сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға арналған арнайы кітап көрмесін ұйымдастырып, педагогикалық ұжымға қойылған әдебиеттер мен ақпараттық-танымдық материалдардың мазмұнын кеңінен таныстырды. Көрмеге қойылған негізгі материалдар бағыты — сыбайлас жемқорлықтың алдын алу тетіктері мен оның қоғамға тигізетін кері әсері, азаматтардың құқықтары, міндеттері және құқықтық сауаттылықты арттыру жолдары және адалдық, парасаттылық және этикалық құндылықтарды дәріптейтін арнайы әдебиеттер.
Кездесу форматында өткен шара барысында ұстаздар қауымына сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытында әдістемелік түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Қызметтік әдеп нормаларын қатаң сақтау, заң талаптарын бұлжытпай орындау, адал еңбек ету және өскелең жас ұрпаққа дұрыс бағыт-бағдар беру мәселелері жан-жақты талқыланды.
Жиын соңында қатысушылар қоғамда адалдық пен әділдік қағидаттарын орнықтыруға бағытталған мұндай профилактикалық жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыру қажеттігін білдірді. Алдағы уақытта да аталған бағыттағы ақпараттық-түсіндіру шаралары бекітілген жоспарға сай өз жалғасын табатын болады.

