2026 жылғы 26 тамызда Астана қаласында өткен Республикалық Тамыз конференциясының пленарлық отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев білім беру, жастар тәрбиесі, тарихи жады және жаңа қоғамдық сананы қалыптастырудың маңызды мәселелеріне тоқталды. Мемлекет басшысы атап өткендей: «Қадам жасауға қорқатын, өз күшіне сенбейтін және өміріне шексіз шағымданатын адам өзін бұлыңғыр болашаққа душар етеді». Бүгінде білім беру жүйесі тек білім беріп қана қоймай, өз бетінше шешім қабылдай алатын, жауапты, сыни ойлайтын және өз еліне пайдасын тигізе алатын тұлғаны қалыптастыруы тиіс.
Осы орайда, Кентау қаласында жаңа оқу жылы қарсаңында білім беру жүйесінің сапасын арттыру, ұстаздардың кәсіби шеберлігін шыңдау және өскелең ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие берудің басым бағыттарын айқындау мақсатында дәстүрлі тамыз оқулары болып өтті. 28 тамыз күні өткен ауқымды жиын «Жаңа халықтық Конституцияның нормалары мен құндылықтары: адами капиталды дамыту – білім беру жүйесінің стратегиялық негізі» тақырыбына арналды.
Жаңа 2026–2027 оқу жылына дайындықты жан-жақты пысықтау, өткен кезеңнің нәтижелерін саралау және алдағы мақсаттарды айқындау мақсатында ұйымдастырылған секциялық жұмыстарға Кентау қалалық білім бөлімінің әдіскерлері жетекшілік етіп, өңір педагогтері белсене қатысты. Тамыз оқулары барысында 2025–2026 оқу жылының қорытындылары терең талданып, бірқатар өзекті мәселелер кеңінен сарапқа салынды. Оқушылардың білім көрсеткішін көтеру мен функционалдық сауаттылығын арттыру, педагогтердің біліктілігін үздіксіз жетілдіру және заманауи оқыту әдістемелерін меңгеру және оқушылардың зияткерлік, ғылыми және шығармашылық қабілеттерін жан-жақты дамыту мен білім беру мекемелерінде балалар үшін қауіпсіз, жайлы әрі қолайлы орта қалыптастыру.
Тамыз оқуларының басты әрі стратегиялық бағыттарының бірі – адами капиталды дамыту мәселесі болды. Жиында атап өтілгендей, қазіргі жаһандану дәуірінде сапалы білім, білікті де ізденімпаз педагог, ұлттық құндылықтарға негізделген саналы тәрбие және заманауи цифрлық технологияларды тиімді пайдалану – мемлекеттің адами капиталының негізгі тірегі болып табылады.
Тамыз оқулары – тек өткен оқу жылын қорытындылайтын есепті жиын ғана емес, жаңа оқу жылына жаңа серпін беретін, озық кәсіби тәжірибе алмасуға, түйткілді мәселелерді шешуге және ортақ мақсаттарды айқындауға мүмкіндік беретін маңызды диалог алаңына айналды.
Жаңа оқу жылында Кентау қаласының білім беру жүйесінің басты межесі – әрбір баланың сапалы білім алуына тең жағдай жасау, оның ішкі қабілеті мен интеллектуалды әлеуетін ашу, мектептерде қауіпсіз әрі қолайлы білім беру ортасын қамтамасыз ету және ұстаздардың кәсіби өсуіне толықтай қолдау көрсету. Сапалы білім – адами капиталдың негізі, ал адами капитал – ел болашағының басты құндылығы. Кентаулық педагогтер жаңа оқу жылын жаңа бастамалармен және биік мақсаттармен бастауға толықтай дайын.

