Жалпы, «Сенімді дос» бағдарламасы – бұл балалар мен жасөспірімдер арасындағы суицидтік мінез-құлық пен эмоционалдық қиындықтардың алдын алуға бағытталған маңызды мамандық аралық жоба. Бұл бағдарлама ЮНИСЕФ-тің қолдауымен және қатысуымен жүзеге асырылады. Тарқата келе айтқанда, мектеп оқушыларының психологиялық амандығын қамтамасыз ету, жасөспірімдер арасындағы эмоционалдық жайсыздықтың алдын алу және білім беру ұйымында қауіпсіз, қолайлы орта қалыптастыру – қазіргі білім саласының басты басымдықтарының бірі.
Осы орайда 2026 жылдың 9 қыркүйегінде Т.Рысқұлов атындағы №24 жалпы білім беретін мектепте балалар арасындағы аутодеструктивті мінез-құлықтың алдын алу мақсатында педагогикалық ұжым арасында маңызды түсіндірме жұмысы жүргізілді. Аталған сауаттандыру шарасын мектептің тәжірибелі педагог-психологтары Г.Ниятова мен А.Тоқтасынова арнайы ұйымдастырды.
«Сенімді дос» жобасы аясында өткізілген бұл жиынның негізгі мақсаты – білім беру қызметкерлерінің психологиялық құзыреттілігін арттыру, оқушылар бойындағы эмоционалдық күзелістер мен қауіпті мінез-құлықтың алғашқы белгілерін дер кезінде тануға үйрету болып табылады. Түсіндірме жұмысында сарапталған негізгі міндеттер, оқушылардың мінез-құлқындағы, көңіл-күйіндегі және қарым-қатынасындағы өзгерістерді, эмоционалдық жайсыздықтың алғашқы дабыл сигналдарын уақытылы байқау. Мұнан бөлек, қауіпті жағдай немесе дағдарысты сәт анықталған кезде педагогтің қадамдық әрекет ету алгоритмін нақты түсінуін қалыптастыру. Сондай-ақ, әрбір мектеп қызметкерінің өзіндік рөлі мен жауапкершілік шекарасын белгілеп, психологиялық қолдау көрсету кезінде психолог, әлеуметтік педагог мамандармен өзара тығыз байланыс орнату.
Семинар-тренинг форматында өткен жиында психологтар Г.Ниятова мен А.Тоқтасынова қатысушыларға практикалық кеңестер беріп, өмірлік ситуациялық жағдаяттарды талдап көрсетті. Мұғалімнің күнделікті оқу үдерісінде баланың ішкі тебіренісіне мұқият болуы – өзекті мәселелердің алдын алуда шешуші рөл атқаратыны баса айтылды. Мектептегі әрбір ұстаз бен қызметкер – бала үшін тек білім беруші емес, ең алдымен сенімді сүйеніш, жанашыр тұлға болуы тиіс.
Т.Рысқұлов атындағы №24 жалпы білім беретін мектепте оқушылардың психикалық денсаулығын қорғау, эмоционалдық тұрақтылығын арттыру және балалар арасындағы аутодеструктивті мінез-құлықтың алдын алу бойынша жүйелі түрде жүргізіліп жатқан мұндай алдын алу жұмыстары алдағы уақытта да өз жалғасын табады.

