Кентау қаласы мен оған қарасты ауылдық округтерде қоршаған ортаны қорғау, экологиялық мәдениетті қалыптастыру және елді мекендерді абаттандыру бағытындағы ауқымды шаралар тұрақты түрде жүзеге асырылып келеді. Осы орайда, Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында қала мен ауылдардың тазалығын сақтау, көгалдандыру және санитарлық жағдайды жақсарту жұмыстары қарқынды атқарылуда.
Қала аумағын күрес-қоқыстан тазарту және эстетикалық келбетін жақсарту мақсатында тұрғындар мен коммуналдық сала қызметкерлерінің қатысуымен бұқаралық шаралар тұрақты ұйымдастырылуда. Тазалық жұмыстарының басты көрсеткіштері жайында ауыз толтырып айтуға болады. Мәселен, жыл басынан бері қала аумағы мен ауылдарда 31 сенбілік өткізіліп, тазалық акцияларына 5700-ге жуық тұрғын белсене қатысып, 93 арнайы техника жұмылдырылды. Атқарылған ауқымды жұмыстардың нәтижесінде 200 тоннаға жуық қоқыс арнайы полигондарға шығарылды.
Сонымен қатар, «Ғарыш сапары» ұлттық компаниясы жүргізетін ғарыштық мониторинг нәтижесінде анықталған заңсыз қоқыс тасталған орындарды тазарту жұмыстары жедел жүргізілуде. Қала тазалығы мен тәртібін тұрақты қамтамасыз ету үшін арнайы техникалар күнделікті режимде жұмылдырылып отыр.
Кентау шаһарының жасыл қорын көбейту және экологиялық ахуалды жақсарту мақсатында көшелер мен саябақтарға ағаш көшеттерін отырғызу шаралары жоспарлы түрде жүріп жатыр. Көктем айларында қала мен ауылдық аймақтарда 5 500 түп көшет отырғызылып, күтімге алынды. Күз айларында тағы 12 600 түп ағаш отырғызу жоспарланып отыр. Қала бойынша жылдық жоспар – 18 100 түп көшетті құрайды. Тазалықты сақтау тек сенбіліктермен шектелмейді, бұл орайда құқықтық тәртіп пен азаматтық жауапкершілікті арттырудың маңызы зор. «Таза Қазақстан» бағдарламасы мен «Заң мен тәртіп» қағидатын жүзеге асыру мақсатында арнайы мобильді жұмыс тобы құрылып, қала аумағында рейдтік іс-шараларды тұрақты жүргізіп келеді. Санитарлық тазалық талаптарын бұзған жеке және заңды тұлғаларға қатысты қатаң шаралар қолданылуда. Бүгінгі күнге дейін Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 434-2-бабы және 505-бабы бойынша 615 әкімшілік хаттама толтырылды. Талаптарды сақтамаған тұлғаларға жалпы 13,9 млн теңге көлемінде айыппұл салынды.
Қоршаған ортаның тазалығы мен қаланың көркейе түсуі – әрбір тұрғынның азаматтық парызы мен ортақ жауапкершілігі. Кентау қаласы әкімдігі барша тұрғындарды туған қаламыздың тазалығын сақтауға, туған өңірді абаттандыруға және тазалық акцияларына белсене қатысуға шақырады. Қаланың тазалығына бірге үлес қосу әрбіріміздің міндетіміз екенін жадымызда сақтайық.

