Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жолаушылар мен жүргізушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сондай-ақ жолда тәртіп пен заңдылықты сақтау мәселелеріне ерекше назар аударуда. Мемлекет басшысы жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуді және жол-көлік оқиғаларын азайтуды Ішкі істер министірлігі мен құқық қорғау органдарының алдындағы ең басты және кезек күттірмейтін міндеттердің бірі ретінде белгіледі.
Сондықтан да елімізде «Заң мен тәртіп» идеологиясы белсенді түрде жүзеге асырылуда. Бұл қағидат қоғамдық көлік пен жол қозғалысы қауіпсіздігіне тікелей қатысты. Тоқаевтың жол қауіпсіздігін сақтау бойынша негізгі тапсырмалары Кентау қаласында жүйелі жүзеге асуда. Түркістан облысындағы автокөлік жолдарының сапасын арттыру, жол-көлік оқиғаларының алдын алу және жолаушылар мен жүргізушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету – жол инфрақұрылымын дамытудың басты стратегиялық бағыттарының бірі. Осы орайда, өңірлік маңызы бар автожолдардың қауіпті учаскелерін техникалық тұрғыдан жабдықтау жұмыстары жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді.
Жуырда облыстық маңызы бар Кентау-Қарнақ КХ-58 тас жолының 5-6 шақырымы аралығында жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыруға бағытталған маңызды инфрақұрылымдық жұмыстар атқарылды. Аталған жол учаскесіндегі жұмыстарды Түркістан облысының жол шаруашылығына жауапты негізгі коммуналдық кәсіпорындардың бірі – «Оңтүстік жолдары» МКК мамандары орындады. Қауіпсіздік шараларының негізгі мақсаты тас жолдың 5-6 шақырымы аралығындағы шұғыл бұрылыстар мен қауіпті аймақтарда автокөліктердің жол жиегіне немесе аударылып кетуіне тосқауыл қою және көлік құралдарының түнгі уақытта және ауа райының қолайсыз күндері қауіпсіз әрі ыңғайлы қозғалысын қамтамасыз ету. Атқарылған жұмыстар аясында жалпы ұзындығы 212 метрді құрайтын темір дөңгелек қағарлар орнатылды.
Темір дөңгелек қағарлар – жолдың күрделі бөліктерінде апаттық жағдайлардың ауыр зардаптарын азайтуда шешуші роль атқарады. Жолдан шығып бара жатқан автокөлікті тежеп, оның аударылуына немесе қарсы бағыттағы жолаққа шығып кетуіне жол бермейді. Жүргізушілерге, әсіресе түнде және тұманды ауа райында жолдың шеткі шекарасын айқын көруге мүмкіндік береді. Кентау мен Қарнақ ауылы арасындағы қарқынды көлік қатынасы кезінде азаматтардың өмірі мен денсаулығын сақтауға берік кепіл болады.
«Оңтүстік жолдары» МКК тарапынан жүзеге асырылған бұл іс-шара Кентау-Қарнақ бағытындағы жол-көлік оқиғаларын азайтуға тікелей оң ықпалын тигізеді. Жол инфрақұрылымын жаңарту, жол белгілері мен қоршауларды орнату жұмыстары облыс аймағындағы басқа да өзекті автожолдарда кезең-кезеңімен өз жалғасын табатын болады. Жол мамандары ескерткендей, қаншалықты заманауи қауіпсіздік қоршаулары орнатылғанымен, әрбір жүргізуші белгіленген жылдамдық режимін сақтап, жолда сақ болуы тиіс.

