Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында еліміздің энергетикалық және инфрақұрылымдық әлеуетін күшейту экономиканы жаңа даму үлгісіне көшірудегі басты міндеттердің бірі екенін мәлімдеген болатын.
Осы орайда, Кентау қаласы мен оған қарасты елді мекендердің инфрақұрылымдық әлеуетін арттыру, көлік қатынасын жақсарту және тұрғындардың тұрмыс сапасын жаңа деңгейге көтеру бағытында кешенді жұмыстар жүзеге асырылуда. Бұл бағыттағы ең өзекті әрі стратегиялық маңызы бар жобалардың бірі – Хантағы ауылындағы жаңа автомобиль көпірін реконструкциялау жобасы болып табылады. Сондықтан да ауыл ішілік көлік қатынасын қамтамасыз ететін, жылдар бойы жаңартуды талап еткен бұл өткел Кентау қалалық инфрақұрылымды дамыту жоспарының басты назарында тұр.
Хантағы өзені арқылы өтетін көпірді реконструкциялау жобасы «Түркістан облысы, Кентау қаласы, Хантағы ауылы, Үсенбаев көшесі бойындағы Хантағы өзені арқылы өтетін автомобиль көпірін реконструкциялау» деген ресми атаумен жүзеге асырылуда. Жобаның негізгі көрсеткіштері жайында тарқатсақ, жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп, мемлекеттік сараптаманың №19-0286/25 оң қорытындысы алынған. Жобаның сметалық құны 278 588,7 мың теңгені құрайды. Мемлекеттік сатып алу қорытындысы бойынша мердігер ұйым ретінде «Глобал Инвест Строй» ЖШС анықталды.
Қазіргі таңда құрылыс алаңында жұмыс қарқыны бәсеңдеген жоқ. Мердігер ұйым өкілдері бекітілген кестеге сай, инженерлік-техникалық талаптарды қатаң сақтай отырып, монолитті құрылымдарды тұрғызуда. Орындалып жатқан негізгі тапсырмалар, көпірдің негізгі тірек конструкцияларын монтаждау дайындығы жүргізіліп, көпір тіректері мен ригельдердің монолитті темірбетон конструкцияларын бетондау процестері қарқынды жүріп жатыр. Сонымен қатар, инженерлік желілер мен темірбетон негіздерінің беріктігі техникалық қадағалаушы мамандар тарапынан тұрақты бақылауға алынған. Хантағы өзені арқылы өтетін бұл көпір Үсенбаев көшесінің бойында орналасып, екі жағалауды байланыстыратын жалғыз да сенімді көлік өткелі болып табылады.
Жобаны толық іске асырудың басты артықшылықтары көктемгі және күзгі жауын-шашын маусымында өзен деңгейінің көтерілуіне байланысты туындайтын қауіптердің алдын алады. Тұрғындар мен автокөліктердің, соның ішінде жедел жәрдем және өрт сөндіру сияқты арнайы техникалардың кедергісіз қатынауын қамтамасыз етеді. Ауыл ішіндегі сапалы жолдардың үлесін арттырып, Хантағы елді мекенінің әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға оң ықпал етеді.
Хантағы ауылындағы бұл масштабты инфрақұрылымдық жоба құрылыс талаптарына сай толық аяқталып, жақын арада халық игілігіне пайдалануға беріледі.

