Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет пен өңір әкімдеріне жылыту маусымына дайындықты және инфрақұрылымды жаңғыртуды ерекше бақылауда ұстауды тұрақты түрде тапсырып келеді. Жылыту маусымының қауіпсіз әрі кедергісіз өтуін қамтамасыз мақсатында Кентау қаласында сапалы әрі тұрақты жылумен қамтамасыз ету, қолданыстағы энергетиқалық нысандардың қуатын арттыру және тозығы жеткен инженерлік желілерді масштабты қайта құру – жергілікті органдардың басты назарында.
Осы бағытта қалада ЖЭО-5 өндірістік базасын кеңейту, отын қорын дайындау, сондай-ақ магистральды және ішкі орамдық жылу құбырларын жаңарту бойынша жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді. Кентау қаласындағы энергетикалық тапшылықты жою және жылу беру сапасын сапалы жаңа деңгейге көтеріп, жаңғырту мақсатында «Кентау ЖЭО-5 кеңейту» жобасы қолға алынды. 2025 жылдың 24 желтоқсанында Мемлекеттік-жекешелік әріптестік (МЖӘ) шартына №1 төртжақты келісімшарт түзілді.
Жобаның негізгі көрсеткіштерін сөз етсек, инвестор және орындаушы — «ККС» ЖШС. Жобаның жалпы құны шамамен 170 миллиард теңгені құрайды.Табиғи газбен жұмыс істейтін жаңа станция 248 МВт электр қуатын және 160 Гкал/сағ жылу энергиясын өндіреді. Сондай-ақ, жоба үшін 20 гектар жер телімі қарастырылып берілді және қосымша 100 гектар жер телімі резервке қойылды. Қазіргі таңда жобалауға қажетті тиісті құжаттар белсенді жинақталуда. Жоба аясында газбен қамтамасыз етудің, су мен кәріз жүйелеріне қосылудың техникалық шарттары алынып, электр желілеріне қосылу мүмкіндіктері мен негізгі жабдықтардың параметрлері анықталды.
Жоспарға сәйкес, жобалау жұмыстары 2026 жылдың IV тоқсанында толық аяқталады. Одан кейін құрылыс-монтаждау жұмыстары басталып, нысанды толық іске қосу 2029 жылдың I тоқсанына жоспарланған. Жалпы, «Кентау Жылу» ЖШС мекемесі алдағы маусымдарға отын қорын жинақтауды қарқынды жүргізуде. 2025-2026 жылдарға көмір қалдығы 15 839 тоннаны құраса, 2026-2027 жылдарға арналған көмір қажеттілігі 101 880 тонна деп межеленген. Ал, 2025-2026 жылдарға мазут қалдығы 507,06 тонна болса, алдағы 2026-2027 жылдарға 700 тонна мазут қажет. Отын жеткізу мақсатында «Кентау Жылу» ЖШС мен «Майкубен Вест» АҚ арасында 60 000 тонна көмір тасымалдауға келісімшарт жасалып, ол толық көлемде қалаға жеткізілді. Күз айларында қосымша отын көлемін жеткізуге жаңа келісімшарт жасау жоспарланып отыр.
2026-2027 жылдардағы жылыту маусымына дайындық аясында Кентау қаласының әкімі ЖандосТасовтың тікелей тапсырмасымен арнайы іс-шаралар жоспары бекітіліп, бекітілген графикке сай жұмыстар атқарылуда. Атап айтқанда, толықтай қысыммен тексеру жүргізіліп, 6 ақаулы жер анықталды. Барлық ақаулар «Кентау Сервис» МКК тарапынан толық қалпына келтірілді.
2026-2027 жылдардағы жылыту маусымында Кентаудағы №5 жылу энерго орталығынан 2 295 жеке сектордағы тұрғын үйге, 347 көпқабатты тұрғын үйге, 441 коммерциялық нысанға және 34 әлеуметтік нысандарға жылу беріледі: Қазіргі уақытта 347 көпқабатты тұрғын үйдің 248-інде ішкі жүйелерді қысыммен жуып-шаю жұмыстары аяқталды. Атап айтқанда, мердігерлік ұйымдар «ОДИС КЗ» ЖШС тарапынан 221 үйде және «ААА ГРУП» ЖШС тарапынан 27 үйде дайындық шаралары сапалы жүргізілді. Қалған нысандарда жылыту маусымына дайындық жұмыстары бекітілген графикке сай жүріп жатыр.

