Президент Қасым-Жомарт Тоқаев отандық кәсіпкерлермен кездесуде «Мемлекет адал кәсіпкерлерді әрдайым қолдайды» деген болатын. Үкімет Мемлекет басшысының тапсырмалары аясында ауылдық аумақтарды дамыту жұмыстарын жалғастырып жатыр.
Негізгі назар кәсіпкерлікті қолдауға, жұмыс орындарын ашуға, халықтың табысын арттыруға және инфрақұрылымды жаңғыртуға бағытталған. Осының айғағы мемлекеттік бағдарламалардың игілігін көріп, шағын кәсіпті нәтижелі өндіріске айналдырған отандық кәсіпкерлердің қатары күн санап артып келеді. Осындай еңбекқорлық пен іскерліктің жарқын үлгісін Кентау қаласының тұрғыны, көпбалалы ана Нұрсұлу Батырбекова көрсетіп отыр. Ол мемлекеттік қолдаудың арқасында өз кәсібін тұрақты түрде дамытып, бүгінде қала тұрғындары мен еліміздің өзге өңірлеріне сапалы әрі табиғи ет өнімдерін ұсынуда. Нұрсұлу Әбдіхалыққызының бұл саланы таңдауына ең алдымен өз балаларының денсаулығы мен тамақтану сапасы түрткі болған. Құрамында химиялық қоспалары мен зиянды элементтері жоқ, таза әрі табиғи өнім дайындауды мақсат еткен ол шұжық әзірлеу ісін қолға алды. Кәсіпкердің бұл саладағы алғашқы қадамдары мен ізденістері жайында тоқталсақ, бұдан бес жыл бұрын істі үй жағдайында өзі мен отбасы үшін дайындаудан бастаған. Кәсіби шеберлігін арттыру мақсатында Алматы қаласынан арнайы келген білікті аспазшының шеберлік сағатына қатысып, тәжірибе жинақтаған. Бастапқы қызығушылығын уақыт өте келе жүйелі шағын өндіріс деңгейіне жеткізген.
Кәсіпкер өз сөзінде: «Мен балаларымның тамақтануына ерекше мән беремін. Сол себепті таза өнімнен жасалған шұжық дайындауды қолға алуды ойладым. Алғашында үй жағдайында өзім үшін жасап жүрдім. Кейін бұл іске қызығушылығым артып, кәсібімді дамыта бастадым. Қазір өз тәжірибеммен бөлісіп, басқа қалалардағы қыз-келіншектерге де үй жағдайында шұжық дайындау әдістерін үйретіп жүрмін», – деп атап өтті.
Нұрсұлу Батырбекованың «Адал үй шұжығы» өнімдері жоғары сапасымен, табиғи құрамымен және адал стандарттарға сай дайындалуымен ерекшеленеді. Мәселен, өнімнің негізгі шикізаты ретінде сиыр мен тауық еті, сондай-ақ қойдың майы пайдаланылады. Қолданылатын қоспалар мен дәмдеуіштер Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының бекітілген талаптарына толық сәйкес келеді. Ет өнімдері арнайы тапсырыспен сенімді көздерден алынып, кәсіпкердің өзі тарапынан заманауи құрылғылардың көмегімен өңделеді. Бүгінгі таңда кәсіпкер шұжық өнімінің 12 түрлі түрін әзірлейді.
Отбасылық бизнесті өркендетуде мемлекеттік қолдау шаралары үлкен серпін берді. Нұрсұлу Батырбекова қайтарымсыз мемлекеттік грант ұтып алып, өндіріске қажетті заманауи құрал-жабдықтар сатып алды. Бұл оның өндіріс көлемін едәуір ұлғайтуына мүмкіндік берді. Сапалы әрі қолжетімді өнімге деген тұтынушылар сұранысы жыл сайын артып келеді. Қазіргі таңда кәсіпкердің шұжық өнімдері тек Кентау қаласында ғана емес, Түркістан, Шымкент, Алматы және Сәтбаев қалаларының нарықтарына да тұрақты түрде жеткізіліп жатыр.
Мемлекеттік қолдауды тиімді пайдаланып отырған көпбалалы ананың бұл бастамасы – еңбекқорлық пен іскерліктің айқын көрінісі. Нұрсұлу Батырбекованың кәсібі отбасылық табыс көзін қалыптастырып қана қоймай, сапалы отандық өнімді өндіруге және өзге де қыз-келіншектерді кәсіпкерлікке баулуға үлкен үлес қосып отыр.

