Сайрам ауданында білім саласы қызметкерлерінің дәстүрлі тамыз конференциясы өтті. Жиында өткен оқу жылының қорытындылары сараланып, жаңа оқу жылындағы негізгі міндеттер мен басым бағыттар нақтыланды.
Конференция жұмысына аудан әкімі Мадияр Оразалиев, Түркістан облысының білім басқармасы мектепке дейінгі және орта білім беру бөлімінің басшысы Ғалия Жанаева және бірқатар құзырлы орган өкілдері мен ардагер ұстаздар, ата-аналар қатысты.
Ауданда 99 орта білім беру ұйымында 66 761 оқушы білім алып, 8 784 педагог еңбек етеді. 2025-2026 оқу жылында білім сапасы 62,6 пайызға жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 9,3 пайызға артқан. ҰБТ нәтижесінде 2 699 түлектің 1 124-і мемлекеттік білім беру грантына ие болды. Оның ішінде 229 түлек «Алтын белгі», 471 түлек «Үздік аттестат» иеленді.
Конференция барысында білім сапасын арттыру, педагогтердің кәсіби дамуын қолдау, қауіпсіз білім беру ортасын қалыптастыру, цифрландыру және жасанды интеллект мүмкіндіктерін тиімді пайдалану, кәсіби бағдар беру жұмыстарын жетілдіру бағыттары талқыланды. Сонымен қатар білім беру ұйымдарының озық жобалары таныстырылып, үздік тәжірибелер ортаға салынды.
Жиын соңында білім саласының дамуына үлес қосқан педагогтер марапатталып, ардагер ұстаздарға құрмет көрсетілді. Жаңа оқу жылында нақты нәтижеге бағытталған жұмыс жүргізу, өзекті мәселелерді шешуге басымдық беру және «Адал азамат» құндылықтары негізінде білімді, жауапты ұрпақ тәрбиелеу міндеттері белгіленді.






