Ауылдық аумақтардың экономикалық әлеуетін арттыру, тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсарту және ауылдағы шағын мен орта кәсіпкерлікті қолдау – мемлекеттік саясаттың ең басты басымдықтарының бірі. Мемлекет басшысының тапсырмасымен қолға алынған «Ауыл аманаты» жобасы ауыл тұрғындарының табысын еселеп, өз кәсібін ашуға немесе кеңейтуге кең жол ашып отырған бірегей бағдарлама болып табылады. Бұл жоба аясында жеңілдетілген микрокредиттер беру, ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтерін (АШӨК) құру және аграрлық секторды диверсификациялау жұмыстары жүйелі түрде жүзеге асырылуда.
2026 жылы «Ауыл аманаты» жобасын Созақ ауданында нәтижелі іске асыру мақсатында арнайы 5 ауылдық округ бекітілді. Олар — Шолаққорған, Жартытөбе, Сызған, Созақ және Қарақұр ауылдық округтері. Аталған ауылдық округтерде еңбек етіп жатқан шаруалар мен кәсіпкерлердің басын біріктіріп, өндірістік қуатты арттыру мақсатында 5 АШӨК ашылып, оларды «Ырыс» микроқаржы ұйымы» ЖШС-і арқылы қаржыландыру үшін несие алуға қажетті құжаттар топтамасы белсенді түрде дайындалуда.
«Ауыл аманаты» жобасының басты ерекшелігі – жеке шаруаларды кооперативтерге біріктіру арқылы олардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру, техникалық базасын жаңарту және өнімді өткізу нарықтарын қалыптастыру. Бекітілген 5 ауылдық округ бойынша АШӨК-терді несиелендіру жұмыстары мынадай нақты нәтижелермен жүзеге асуда. Мәселен, аудан орталығы саналатын Шолаққорған ауылдық округінен «Созақ Груп» АШӨК құрылып, оның несиелік құжаттары «Ырыс» МҚҰ» ЖШС-не өткізілген болатын. Сараптамалық зерделеу нәтижесінде кәсіпорынды қолдау бойынша 34 миллион теңгеге оң шешім шықты. Бұл қаржылық қолдау кооперативтің өндірістік қуатын арттыруға тікелей бағытталады.
Жартытөбе ауылдық округінде құс шаруашылығы мен ет өндірісін ілгерілету мақсатында «Jartytobe broiler» АШӨК құрылды. Аталған кооперативтің құжаттары тиісті тексеруден өтіп, «Ырыс» МҚҰ» ЖШС тарапынан 30 миллион теңгеге шешім шығарылды. Жоба бройлер құс етін өндіріп, ішкі нарықты сапалы өніммен қамтамасыз етуді көздейді. Ал, Сызған ауылдық округінен «Рыс-Қон» АШӨК-і бойынша 20 миллион теңгеге құжаттар әзірленіп, өткізілді. Қарақұр ауылдық округінен «Сенім Сервис» АШӨК-і тарапынан 19,9 миллион теңгеге несиелік құжаттар толық жинақталып, «Ырыс» МҚҰ» ЖШС-не жолданды. Қазіргі таңда бұл екі кооперативтің құжаттары микроқаржы ұйымының несие комитетінің соңғы мақұлдауын күтуде.
Сондай-ақ, Созақ ауылдық округінде де кооперацияны дамыту бойынша нақты қадамдар жасалды. Мұнда «Елнар 1» АШӨК-і ашылып, қазіргі уақытта несиелік қаржы алуға қажетті тиісті құжаттары қарқынды түрде дайындалуда.
«Ауыл аманаты» бағдарламасы тек кооперативтерді емес, сонымен бірге ауылда өз кәсібін ашамын деген немесе жұмыс істеп тұрған бизнесін кеңейтуді мақсат еткен жеке азаматтарды да жеңілдетілген несиемен қамтамасыз етуде. 2026 жылы бағдарлама бойынша 9 кәсіпкер жалпы құны 84,2 миллион теңге несие алды.
Ауылдағы асыл тұқымды мал басын көбейту, ет және сүт өндірісін ұлғайту мақсатында 4 кәсіпкер 30 миллион теңге көлемінде жеңілдетілген несиеге қол жеткізді. Бұл қаржы мал басын сатып алуға және мал азығы базасын жасақтауға жұмсалады. Ауылдық жерде қызмет көрсету, өңдеу және шағын өндіріс салаларын өркендету үшін 4 кәсіпкер 36 миллион теңге несие алды. Бұл қаражат жаңа цехтар, цехтық желілер мен халыққа қажетті қызмет көрсету нысандарын ашуға мүмкіндік береді. Аграрлық секторда техникалық паркті жаңартудың маңызы зор. Осы бағыт бойынша 1 кәсіпкер 18,2 миллион теңгеге ауыл шаруашылығы техникасын лизингке алып, өз шаруашылығының еңбек өнімділігін арттыруға мүмкіндік алды.
Созақ ауданында бекітілген 5 ауылдық округ бойынша «Ауыл аманаты» бағдарламасын жүзеге асыру және несиелендіру жұмыстары әрі қарастырылып, аудан әкімдігі мен жауапты мекемелер тарапынан тұрақты бақылауда болады.

