Қазақ өнері мен мәдениетінің, ән мен күйдің, шежірелі тарихтың мекені саналатын қасиетті Созақ өңірінде тағы бір тарихи әрі рухани маңызы жоғары, ауқымды мәдени шара өтті. Қазақ эстрадасының тарихында өзіндік өшпес қолтаңбасын қалыптастырып, бірнеше буынның жүрегін әсем әнмен баураған, ұлттық музыка өнерінің заманауи брендіне айналған аңызға айналған «МузАрт» тобының шығармашылық жолына 25 жыл толуына арналған «Мерейлі кеш» атты ашық аспан астындағы салтанатты гала-концерт жоғары деңгейде ұйымдастырылды.
Әсем ән мен сырлы сазға бөленген бұл мерекелік кеш аудан орталығы Шолаққорған ауылындағы «Орталық саябақта» өтіп, әнсүйер қауымға ұмытылмас ерекше көңіл күй мен рухани ләззат сыйлады. Көрікті саябақтағы стадион көрерменге лық толып, Созақтың қастерлі даласы өнер мен мәдениеттің, сағыныш пен достықтың, әуезді ән мен шаттықтың тоғысқан ордасына айналды.
Салтанатты шарада аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков сөз сөйлеп, жиналған көрерменді, ауыл тұрғындары мен арнайы келген қонақтарды мерекемен құттықтап, «МузАрт» тобының шығармашылық ұжымына 25 жылдық мерейтойына байланысты өзінің ыстық лебізін білдірді.
Аудан басшысы Мұхит Тұрысбеков өз сөзінде бұл мерекелік шараның өңір үшін стратегиялық әрі рухани маңыздылығын атап өтті. Салтанатты жиынның 2001 жылдан бастап Созақ ауданында дәстүрлі түрде атап өтіліп келе жатқан, жастардың басын қосатын «Созақ ауданы жастары күнімен» орайластырылып ұйымдастырылуы – ұрпақтар сабақтастығы мен өнерге деген құрметтің жарқын үлгісі болды.
Аудан әкімі сөзін қорытындылай келе, қазақ ән өнерін халықаралық деңгейге көтеріп, ұлттық эстетиканы дәріптеп жүрген шығармашылық ұжымға Созақ ауданы тұрғындарының атынан арнайы құттықтау хат пен ықылас гүл шоғын табыс етті. Сондай-ақ, тобына өнердегі өнегелі де абыройлы жолдары үшін, туған жерін уақытша ұмытпай, елге рухани сый сыйлағандары үшін шынайы алғысын білдірді.
Гала-концерттің көркін қазақ әнінің көрнекті өкілдері мен белгілі өнерпаздар аша түсті. Сахна төрінде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Мейрамбек Беспаев пен Сәкен Майғазиев, танымал дәстүрлі әнші Жұбаныш Жексенұлы, халықтың сүйікті әншісі Заттыбек Көпбосынұлы және жергілікті өнерді биікке көтеріп жүрген «Созақ серілері» тобы бастаған аудан өнерпаздары өнер көрсетті.
Сахна төрінен шырқалған әрбір ән көрермен жүрегінен терең орын тапты. Бірде сағынышқа бөлеп, бірде шаттыққа кенелткен әуезді әндер Созақ аспанын тербеп, ашық аспан астындағы стадионды сиқырлы ән әлеміне айналдырды. «МузАрт» тобының репертуарындағы алтын хитке айналған туындылар орындалғанда, мыңдаған көрермен өнерпаздармен бірге қосыла ән айтып, қошеметтерін аямады.
Мерекелік шараның мазмұнын ажарландырып, оның жоғары идеялық және көркемдік деңгейде өтуін белгілі жүргізушілер Оразхан Батырхан мен Дәурен Әсиев қамтамасыз етті. Олардың орамды ойлары, тапқыр қалжыңдары мен сахналық мәдениеті кешке ерекше динамика сыйлады.
Сәкен Майғазиев кеш соңында сахнадан тұрып барша жерлестеріне, аға-бауырларына, ақ жаулықты аналарына жүрекжарды ризашылығын білдірді. Туған жер топырағына жасаған шығармашылық тартуын зор қошеметпен, ыстық ықыласпен қабыл алған көпшілікке алғысын жаудырды. Сондай-ақ, «МузАрт» тобының 25 жылдық мерейтойлық кешін Созақ төрінде жоғары деңгейде ұйымдастыруға мурындық болған, жан-жақты қолдау көрсеткен аудан басшысы Мұхит Тұрысбековке және барлық ұйымдастырушыларға топ мүшелерінің атынан ерекше алғысын жеткізді.
Созақ төріндегі әнмен тербелген бұл мерейлі кеш аудан тарихында, тұрғындардың жадында ұзақ сақталатын жарқын парақ болып қалмақ.

