Мемлекет басшысы – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас Қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан» тұжырымдамасы мен заңнамалық реформалар аясында еліміздің қорғаныс қабілетін нығайту, әскери қызметтің беделін көтеру, армия сапында «Заң мен Тәртіп» қағидатын орнықтыру, әскери қызметшілердің әлеуметтік мәртебесін арттыру және жастар арасында патриоттық тәрбиені күшейту – басты стратегиялық басымдықтардың бірі болып табылады.
Мемлекет басшысы өзінің бағдарламалық сөздерінде: «Елдің шетінде, желдің өтінде жүріп Отан қорғау – ең қастерлі де жауапты міндет. Қуатты әрі жауапкершілігі жоғары армия – мемлекеттік тәуелсіздігіміз бен бейбіт өміріміздің сенімді кепілі. Әскери қызметшілердің еңбегін ұлықтау, олардың отбасыларына құрмет көрсету – барша қоғамның азаматтық борышы» деген болатын.
Осы орайда, Арыс қаласындағы Мәдениет үйінде 16752 әскери бөлімінің құрылғанына 40 жыл толуына арналған салтанатты мерекелік концерт пен мерейтойлық басқосу ерекше сән-салтанатпен ұйымдастырылды.
Мерекелік іс-шараға Арыс қаласының әкімі Қайсар Маңқараев, әскери бөлімдердің командирлері, қорғаныс саласының өкілдері, әскери қызметшілер, бөлім ардагерлері мен олардың отбасы мүшелері қатысты. Арыс шаһарында өтен бұл салтанатты кеш – өңірдегі әскери құрылымдардың ел қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі төрт онжылдық тарихи жолын қорытындылаудың, Отан қорғаушылардың ерен еңбегін ардақтаудың жарқын көрінісі болды.
Өз сөзінде шаһар басшысы әскери бөлімнің еліміздің қорғаныс қабілетін нығайтудағы, өңірдегі тұрақтылықты сақтаудағы маңызын ерекше атап өтіп, әскери қызметшілерге адал еңбектері мен Отан алдындағы жауапты қызметтері үшін алғыс білдірді.
Арыс қаласының әкімі Қайсар Маңқараев өз сөзінде: «Құрметті 16752 әскери бөлімінің жеке құрамы, офицерлер, сержанттар мен сарбаздар, ардагерлер!
Бүгін біз өңіріміздегі іргелі әскери құрылымдардың бірі – 16752 әскери бөлімінің 40 жылдық мерейтойын салтанатты түрде атап өтудеміз. Қырық жылдық тарих – бұл жай ғана уақыт өлшемі емес, бұл – бірнеше буын әскери мамандардың Отанға адал қызмет етуінің, әскери антқа адалдығының және жауынгерлік шеберлікті шыңдаудың даңқты жолы.
Арыс қаласы – әскери дәстүрі терең, Қарулы Күштермен тығыз байланысты стратегиялық шаһар. Сіздердің ел тыныштығын қорғаудағы, апаттық-құтқару және қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі еңбектеріңізді халық жоғары бағалайды. Баршаңызды мерейтойларыңызбен құттықтай отырып, мықты денсаулық, отбасыларыңызға амандық, ел қорғау жолындағы мәртебелі қызметтеріңізге толағай табыстар тілеймін!»,-деді.
Мерекелік жиында сөз алған қорғаныс саласының лауазымды тұлғалары мен көршілес әскери бөлім командирлері де 16752 әскери бөлімінің жауынгерлік дайындығы мен ұжымның ауызбіршілігіне тоқталып, жүрекжарды құттықтауларын білдірді.
Сөз сөйлеушілер 16752 әскери бөлімінің құрылған күннен бастап осы уақытқа дейін жүріп өткен тарихи кезеңдеріне, қару-жарақ пен әскери техниканы күтіп-ұстау, жауынгерлік кезекшілікті атқару және жеке құрамның әскери тәртібін жоғары деңгейде ұстау бағытындағы жетістіктеріне жеке-жеке тоқталды.
Іс-шараның ең толқынысты әрі салтанатты сәті – әскери қызметте жоғары жетістіктерге жеткен, жауынгерлік дайындықта үздік көрінген және қызметтік міндеттерін мінсіз атқарған әскери қызметшілерді марапаттау рәсімі болды. Салтанатты бөлімнен соң Арыс қалалық Мәдениет үйінің өнерпаздары мен әскери бөлімнің өнерлі сарбаздары дайындаған ауқымды мерекелік концерттік бағдарлама ұсынылды.
Арнайы экранда 16752 әскери бөлімінде бұрын қызмет еткен командирлердің, қазіргі уақытта басқа өңірлерде жоғары лауазымдарда жүрген әскери генераладар мен офицерлердің бейнеқұттықтаулары көрсетілді. Әскери қызметшілердің тікелей қатысуымен армия өміріндегі қызықты сәттерді, әскери юморды бейнелейтін көңілді әзіл-сықақ бағдарламасы қойылып, көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй қырық жыл ішінде бұл бөлімнен мыңдаған сарбаздар мен жүздеген офицерлер мектебі өтіп, әскери шыңдалудан өтті. Бөлім бүгінгі күні заманауи қару-жарақпен, техникамен жарақтандырылып, жауынгерлік дайындықты жоғары деңгейде ұстап отыр. Сондай-ақ, Арыс қаласының қоғамдық-саяси өміріне, жастарды патриоттық тәрбиелеуге, төтенше жағдайлардың алдын алуға тұрақты түрде белсене қатысып келеді.
Ия, Арыс қаласында өткен 16752 әскери бөлімінің 40 жылдық мерейтойына арналған салтанатты мерекелік концерт – бұл жай ғана концертік бағдарлама емес, бұл – еліміздің қорғаныс саласының қуатын, жергілікті билік пен армияның тығыз бірлігін және халықтың Отан қорғаушыларға деген шексіз құрметін көрсеткен нәтижелі де рухты іс-шара. Қырық жылдық белесті бағындырған 16752 әскери бөлімінің жеке құрамына ел тыныштығын қорғау жолындағы мәртебелі де жауапты қызметтеріне толағай табыстар тілеп, еліміз аман, жұртымыз тыныш, Көк туымыз биікте желбірей бергей демекпіз.

