Қазіргі таңда Қазақстан Республикасының мемлекеттік саясаты, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан» тұжырымдамасы мен заңнамалық реформалар аясында ұлттық білім беру жүйесінің сапасын арттыру, «Заң мен Тәртіп» және академикалық адалдық қағидаттарын орнықтыру, сондай-ақ педагог мәртебесін көтеру – басты стратегиялық басымдықтардың бірі болып табылады. Мемлекет басшысы өзінің бағдарламалық сөздерінде: «Білім сапасы – бұл ұлттық бәсекеге қабілеттіліктің негізі. Ал білімнің сапасы, ең алдымен, мұғалімнің кәсіби біліктілігіне, заманауи әдіс-тәсілдерді меңгеруіне және өз ісіне адалдығына байланысты.
Аттестаттау жүйесі мұғалімге артық әкімшілік жүктеме түсірмей, оның шынайы кәсіби шеберлігін әділ бағалайтын ашық құралға айналуы тиіс» деп үнемі айтып, нақты тапсырмалар беріп келеді.
Ия, білім сапасы – ел болашағының негізгі көрсеткіші. Ал сол білімнің сапасы, ең алдымен, педагогтің кәсіби шеберлігіне тікелей байланысты. Сондықтан да Қазақстан Республикасында мұғалімдерді аттестаттау жүйесі педагогтердің кәсіби құзыреттілігін бағалау, олардың біліктілігін арттыруға және еңбегін әділ бағалауға бағытталған маңызды мемлекеттік тетік болып табылады.
Осы орайда, Арыс қалалық білім бөлімі тарапынан білім беру ұйымдарында педагогтерді аттестаттаудың жаңартылған ережелері мен заңнамалық талаптарын іске асыру жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді.
Педагогтерді аттестаттау процедуралары Қазақстан Республикасының «Педагог мәртебесі туралы», «Білім туралы» Заңдарына, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі бекіткен педагогтерді аттестаттаудан өткізу қағидалары мен шарттарына сәйкес жүзеге асырылады. Аталған қағидаларға енгізілген соңғы өзгерістер педагогтердің кәсіби қызметін бағалау рәсімдерін барынша жетілдіруге, ашықтықты қамтамасыз етуге бағытталған.
Жаңартылған аттестаттау жүйесінің басты басымдықтары, мұғалімнің оқушыларға берген білім сапасын, олардың пәндік олимпиадалар мен конкурстардағы жетістіктерін нақты саралау, қағазбастылық пен артық құжаттар жинауды жойып, порталдар мен цифрлық жүйелер арқылы бағалауды автоматтандыру, тәжірибелі, өз ісінің шеберлері мен жаңашыл педагогтердің еңбегін әділ бағалап, тиісті біліктілік санаттарын, яғни педагог-модератор, педагог-эксперт, педагог-зерттеуші, педагог-мастер тағайындау және еңбек жолын жаңадан бастаған жас мұғалімдердің кәсіби қалыптасуына, тәлімгерлік институты арқылы шыңдалуына жағдай жасау. Бүгінгі таңда аттестаттау – бұл жай gana санат алу немесе оны растау рәсімі емес. Бұл педагогтердің кәсіби дамуына, заманауи әдіс-тәсілдерді меңгеруіне, шығармашылық ізденісіне және білім беру сапасын арттыруға бағытталған маңызды да үздіксіз процесс. «Ұстазы жақсының – ұстамы жақсы» деген халық даналығы мұғалім мамандығының қоғамдағы ерекше орнын айқын көрсетеді.
Қазіргі заман мұғаліміне қойылатын талаптар — жаңа білім беру технологияларын, цифрлық платформалар мен жасанды интеллект мүмкіндіктерін сабақ үрдісінде тиімді қолдану, дәстүрлі сабақ беру форматынан бөлек, оқушының критикалық ойлауын, зерттеушілік дағдыларын дамытатын жаңашыл әдістерді енгізу, өз білімін тұрақты түрде жетілдіріп, біліктілікті арттыру курстарынан өту, әріптестерімен тәжірибе бөлісу және жас ұрпақтың бойына адамгершілік, отансүйгіштік, еңбекқорлық, ұлттық құндылықтар сияқты асыл қасиеттерді дарыту. Аттестаттау – өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын ұстаз үшін кәсіби жетістіктерін көрсетудің және жаңа биіктерді бағындырудың таптырмас мүмкіндігі.
Қазақстанда педагог мәртебесін арттыру мемлекеттік саясаттың ең маңызды да басым бағыттарының біріне айналды. Мұғалімнің қоғамдағы беделін көтеру бағытында заңнамалық деңгейде кешенді қолдаулар жасалды. Мәселен, мемлекеттік қолдаудың айқын көріністері — біліктілік санаттары үшін берілетін үстемеақылардың артуы, еңбек демалысының ұзақтығы (56 күн), әлеуметтік төлемдер мен жеңілдіктердің кеңеюі және халықаралық және республикалық деңгейде тәжірибе алмасу, «Болашақ» бағдарламасымен тағылымдамадан өту мүмкіндіктері.
Ұстаз мәртебесін көтеру – тек мұғалімнің жеке басының емес, тұтас елдің болашағына жасалған стратегиялық инвестиция. Өйткені білімді, саналы, бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеу – мемлекет дамуының ең сенімді әрі берік негізі. Аттестаттау жүйесін жетілдіру де осы мемлекеттік саясаттың ажырамас құрамдас бөлігі болып табылады.
Ұлттың зияткерлік әлеуетін қалыптастыратын мұғалімнің кәсіби дамуына жағдай жасау – барша қоғамның ортақ міндеті. Осыған орай, Арыс қалалық білім бөлімі тарапынан қала мектептеріндегі аттестаттау процесін ашық, әділ әрі заңнама талаптарына толық сәйкес ұйымдастыру, мұғалімдердің аттестаттаудан өтуіне әдістемелік көмек пен консультациялық қолдау көрсету және педагогтердің аттестаттау нәтижелерін талдап, біліктілікті арттыру қажеттіліктерін анықтау жұмыстары үздіксіз жүргізілуде. Аттестаттау жүйесін әділ әрі ашық ұйымдастыру педагогтердің мәртебесін нығайтып қана қоймай, білім беру сапасының тұрақты артуына да өз үлесін қосады. Сонымен, сапалы ұстаз – сапалы білімнің, ал сапалы білім – қуатты да бәсекеге қабілетті мемлекеттің берік негізі. Сондықтан да Арыс қаласының білім беру саласында еңбек етіп жүрген барша педагогтерді аттестаттау жүйесін кәсіби шыңдалу мен жаңа белестерді бағындырудың кезекті баспалдағы ретінде қабылдап, білім сапасын арттыру жолында еселі еңбек етуге шақырамыз.

